Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы Тұрақты өкілі Андрей Михневпен және Халықаралық қаржы корпорациясының (ХҚК) өңірлік директоры Зафар Хашимовпен кездесті. Талқылаудың негізгі тақырыбы ҚР-дағы Дүниежүзілік банктің және ХҚК-ның бағдарламалық жобалары мен бастамалары, сондай-ақ одан әрі ынтымақтастықтың негізгі басымдықтары болды.
А.Рахметуллин Дүниежүзілік банк пен ХҚК Қазақстанның маңызды серіктестері екенін атап өтті. Олардың қолдауы арқасында елімізде әлеуметтік-экономикалық дамуға оң әсер ететін бірқатар бірлескен жобалар табысты іске асырылуда. Қазіргі жағдайда бұл жобалар ҚР жаңа экономикалық бағытын қолдауда маңызды рөл атқарады.
Тараптар мемлекеттік және жеке секторлардағы ағымдағы жобаларды іске асыруға бейілділігін растады, сондай-ақ ұлттық мақсаттарға қол жеткізу және экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін екіжақты ынтымақтастықты күшейту мен инвестициялар тартудың маңыздылығын атап өтті.
А.Михнев Дүниежүзілік банктің Қазақстанда қызмет етуді негізгі стратегиялық басымдықтарды айқындайтын алдағы 2026-2030 жылдарға арналған Серіктестік стратегиясы шеңберінде кеңейтілетінін атап өтті. Биыл Дүниежүзілік банк ауылдық жерлерде сапалы интернетке тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге әрі тұрақты және әділ өсу үшін саяси реформаларды қолдауға бағытталған екі жобаны қаржыландыруды мақұлдады.
З.Хашимов жеке секторға бағдарланған ірі даму институттарының бірі ретінде ХҚК миссиясы Қазақстанда жаңа нарықтар мен мүмкіндіктер құру болып табылатынын атап өтті. Осы мақсатта 1993 жылдан бастап ХҚК ҚР экономикасының түрлі секторларын қаржыландыру үшін 2,5 млрд АҚШ долларын бөлді.
Кездесу барысында тараптар климаттың өзгеруімен күресудің стратегиялары мен қол жетімді құралдарын, соның ішінде мұнай-газ секторындағы метан шығарындыларын азайтуды талқылады. Сондай-ақ қоршаған ортаға теріс әсерді азайтуға бағытталған баламалы жаңартылатын көз ретінде жер үсті геотермалдық энергиясын пайдалану перспективаларына назар аударылды.