Орталық Азияның ықпалды мемлекеттері қатарында Қазақстан мен Өзбекстанның аты жиі айтылады. Қос ел саяси сабақтастықтан бөлек, сауда-экономикалық серіктестікті басты басым бағытқа айналдырып үлгерді. 7-8 тамыз күндері түстіктегі көрші ел басшысы Шавкат Мирзиёев Қазақстанға келмек. Бұл мемлекеттік сапарда көптеген маңызды келісімдерге қадам жасалуы мүмкін. Осы тұста Kazinform тілшісі екі елдің ынтымақтастығы мен сауда қарым-қатынастары жөнінде шолу жасап көрді.
Дипломатиялық қарым-қатынастың өрбуі
Қазақстанның оңтүстіктегі іргелес көршісі Өзбекстанмен дипломатиялық қатынастары 1992 жылы 23 қарашада басталды. 1998 жылы 31 қазанда қос мемлекет мәңгілік достық туралы шартқа, 2013 жылы 14 маусымда стратегиялық әріптестік туралы шартқа қол қойды.
Екі ел тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан мен Өзбекстан басшылары бірнеше рет мемлекеттік және ресми сапарлар жасап, екіжақты кездесулер өткізу арқылы тығыз байланыс орнатқанын атап өткен жөн. Ал 2019 жылы 14-15 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапары өтіп, оның барысында Өзбекстанда Қазақстан жылы ашылды.
Қазір көрші елдер Орталық Азиядағы жетекші мемлекеттер санатында, сауда серіктестігі дамып қана қоймай, бірнеше халықаралық ұйымдарда абыройын айшықтай түсуде.
Сауда-экономикалық ынтымақтастық
Бірінші кезекте Қазақстан мен Өзбекстанның экономикалық өзара іс-қимылының негізгі бағыты сауда қатынастары саналады. Мысалы, қос ел 2016-2019 жылдар аралығында тауар айналымын 1,8 млрд доллардан 4,1 млрд долларға дейін арттырды. Осылайша, Өзбекстан үшін Қазақстан Қытай мен Ресейден кейінгі жетекші сауда серіктестерінің үштігіне қосылды.
Кейінгі жылдарға көз жүгіртер болсақ, былтыр екі елдің тауар айналымы 4,4 млрд долларға жуықтап, 2022 жылғы көрсеткіштен (5 млрд доллар) 10 пайызға аз болды. Дегенмен позитивті тұстар да бар, Қазақстан 2023 жылы Өзбекстанға күнбағыс майы мен бидай жеткізуді ұлғайтты. Жалпы, еліміз оңтүстіктегі көршісіне былтыр 11,1 млн тонна тауар сатқан, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 35,8 пайызға артық.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, қазір екі ел экономикалық әріптестікті тереңдетіп, өзара сауданы 10 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Сондай-ақ кейінгі жылдары қазақ-өзбек шекарасында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын салу жөніндегі жобаны іске асыру жайынды жиі айтылып келеді. Бастама сәтті жүзеге асырылса, жоба сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамытуға ықпал етпек.
Осы күні екі ел үкіметі бірлесе отырып, 156 млн доллар сомасына 12 бірлескен жоба іске асырды. Шамамен 1 млрд АҚШ долларына бағаланған 21 жаңа бірлескен жоба пысықталып жатыр.
Екі ел бір-біріне не жеткізеді?
Қазақстан былтыр көбіне Өзбекстан еліне 797,3 млн долларға 3,5 млн тонна бидай тасымалдаған. Бұған қоса жартылай фабрикат өнімдерді, сым мен темірден жасалған өнімдер (935,3 мың тонна) жеткізу 15 пайызға, тыңайтқыштарды жеткізу (256,1 мың тонна) 2,5 есе, көмір тасымалдау да (3,1 млн тонна) 2,5 есе ұлғайған.
Бұдан қоса былтыр Өзбекстан 2022 жылмен салыстырғанда қазақстандық ұнды (535,9 мың тонна) 25,8 пайызға, күнбағыс майын (158,1 мың тонна) 1,6 есеге артық сатып алған. Тәтті сусындардың экспорты үш еседен астам өсіп, 77,2 млн литрге жетті. Сондай-ақ Қазақстаннан өзбек нарығына 22,6 мың тонна балық пен ет экспортталған.
2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда биыл Өзбекстаннан келетін импорт 1,5 есеге дейін қысқарып, 1,3 млрд долларға бағаланған 1,6 млн тонна өнімді құрады.
Қазақстан 2023 жылы Өзбекстаннан 267,6 мың тонна көкөніс, 183,9 мың тонна жеміс-жидек пен 7,2 мың тонна коньяк сатып алған. Бұған қоса көрші елден келетін керамикадан жасалған тақтайшалар (322,4 мың тонна) 2,6 есеге, тоңазытқыштар (88,2 мың дана) 13,8 пайызға кемігені байқалады.
Әйтсе де автобустар мен жедел-қызметтік автомобильдерді әкелу – 1,8 есе (474 дана), көлікке арналған қосалқы бөлшектер мен шанақтардың келуі – 1,4 пайызға (33,3 мың тонна), қозғалтқыштардың жеткізілуі – 1,6 пайызға (39,1 мың дана), электр плиталары мен су жылытқыштардың келуі – 0,5 пайызға (569,6 мың дана) және киімдерді жеткізу – 1,6 есеге (119,6 млн дана) өскені байқалады.
Инвестиция және транзит
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы инвестициялық ынтымақтастық кеңейіп жатқаны аңғарылады. Былтыр екіжақты инвестиция көлемі 86,2 млн долларды құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 14,3 пайызға артты. 2022 жылы екі мемлекет басшыларының қатысуымен 6 инвестициялық жоба іске қосылған. Қазақстан аумағында Саран қаласындағы «Артель» тұрмыстық техника өндірісі, Шымкент қаласында инфузорлық ерітінділер өндірісі, Қостанай қаласында «Chevrolet Onix» автомобильдерін шығару қолға алынды. Ал Өзбекстан жерінде Фосфорлы және минералды тыңайтқыштар өндірісі, Ташкентте логистикалық орталық салу және тұрғын үй мен коммерциялық инфрақұрылым тұрғызу бастамасы іске асуда.
Сондай-ақ азаматтар екі ел арасында оңай қатынап тұруы үшін «Air Astana» мен «Узбекистон хаво йуллари» авиакомпаниясы Астана, Алматы және Ташкент қалаларына тұрақты рейстер жасайды. 2021 жылы «Алматы-Самарқан», «Ақтау-Үргеніш», «Ақтау — Нүкіс», «Ақтөбе-Нүкіс», «Түркістан-Ташкент» авиамаршруттары ашылды. Бұған қоса «Алматы-Ташкент» және «Алматы-Нүкіс» бағыттары бойынша 2 теміржол бағыты бар. 26 тұрақты автобус маршруты қатынайды.
Мәдени байланыстар
Қазір Ташкент, Самарқан және Бұхара мұражайларында ежелгі қазақтардың өмірі мен тұрмысынан сыр шертетін 500-ге жуық экспонат сақтаулы тұр. 2018 жылы Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында Қазақстанның барлық өңірлерінде сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық сипаттағы көптеген ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылғаны есте.
Ал 2019 жылы Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында өнер қайраткерлерінің қатысуымен «Астана Опера» және «Астана Балет» театрларының гастрольдері өтті.
2022 жылдың желтоқсанында Астанада Қазақстан мен Өзбекстан жастарының бірінші конгресі өтті. Сол тұста Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ташкентке мемлекеттік сапары болып, Абай Құнанбаевтың шығармашылығына арналған апта өткізіліп, тиісті көрме ұйымдастырылды.
Былтыр маусымда Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының қатысуымен Самарқан және Бұхара қаласында Қазақстанның Мәдениет күндері өтті. Сондай-ақ биыл маусымда еліміздің өкілетті делегациясы «Маком» халықаралық өнер фестиваліне және Өзбекстандағы жастардың жаһандық фестиваліне қатысып келді.
Қазір Қазақстанда 500 мыңға жуық өзбек тұрады. Бұған қоса еліміздің аумағында өзбек тілінде оннан астам газет пен журнал шығарылып, 10 әдеби-шығармашылық бірлестік табысты жұмыс істеп жатқанын айта кеткен жөн. 2 өзбек театры бар. 2023-2024 оқу жылында өзбек тілін қосқанда аралас тілде оқытатын 141 мектеп білім береді. Оның 108-і Түркістан облысында болса, 32 мектеп – Шымкентте, қалған біреуі Жамбыл облысында орналасқан.
Ал Өзбекстанда 800 мыңнан астам этникалық қазақ тұрады, олардың басым көпшілігі Ташкент облысында, Қарақалпақстанда, Науаи, Жизақ, Бұхара, Сырдария, Хорезм облысына қоныс тепкен. 30 облыстық және аудандық филиалы бар Республикалық қазақ мәдени орталығы жұмыс істейді. Қазақтар тығыз орналасқан жерлерде 370 қазақ-өзбек орта мектебі бар, оның 70-і бірыңғай қазақ тілінде оқытады.