Венаға сапары барысында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Аустрия Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Бас хатшысы Николаус Маршикпен кездесті. Сұхбаттастар Қазақстан-Аустрия қарым-қатынастарын дамыту перспективаларын талқылап, аса жоғары және жоғары деңгейде өзара сапарларды ұйымдастырудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Талқылау барысында тараптар қазіргі халықаралық күн тәртібі, оның ішінде Украинадағы жағдай бойынша пікір алмасты. Ә. Бақаев аустриялық әріптесін Астананың ресей-украин қақтығысын бейбіт жолмен реттеуге деген ұмтылысын және сұралған жағдайда еліміздің тиісті байланыстар үшін алаң беруге дайын екендігі туралы хабарлады. Ол сондай-ақ ү.ж. 4 шілдеде Астанада өткен ШЫҰ саммитінің қорытындыларына кеңінен тоқталды.
Өз кезегінде Н. Маршик елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың келешегін жоғары бағалап, Қазақстанның халықаралық ұйымдардағы белсенді жұмысын және әлемдік мәселелерге теңгерімді көзқарасын атап өтті.
Сол күні Ә. Бақаев ҚР делегациясының басшысы ретінде кезекті Қазақстан-Аустрия консулдық консультацияларына қатысты. Аустрия делегациясын АР СІМ Консулдық мәселелер жөніндегі бөлімінің басшысы Георг Штильфрид басқарды. Кездесуге екі елдің ішкі істер министрліктерінің өкілдері де қатысты.
Келіссөздер барысында консулдық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері қаралды. Атап айтқанда, дипломатиялық паспорт иелерін визалық талаптардан босату және реадмиссия туралы үкіметаралық келісімдердің жобалары бойынша пікір алмасу өтті. Тараптар сондай-ақ ҚР азаматтары үшін ЕО елдерінің визалық режимін жеңілдету мәселелерін талқылады. Осы тұрғыда қазақстандық делегация Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы ресми келіссөздерді бастауда Аустрияның қолдауына сенуде.
Сонымен қатар екі ел арасындағы көші-қон және адам саудасымен күрес саласындағы ынтымақтастықтың келешегі талқыланды.
Кездесу соңында тараптар консулдық саладағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендігін білдірді.