Шымкент қаласындағы мейрамханалардың бірінде атшабардың орнынан көпқабатты элиталық тұрғын үй кешенін салу мәселесіне қатысты қоғамдық тыңдау өткізген Шымкент қаласының әкімдігі сынның астында қалды. Басқосудың үзінді видеосын журналист Зауре Мирзаходжаева әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жариялады. Онда Шымкент қаласы әкімінің құрылыс саласына жауапты орынбасары Мәулен Айманбетов санаулы ғана журналистер мен қоғам белсенділеріне «дастархан басында» атшабардың орнына тұрғын үй салудың экономикалық жағынан тиімді екенін түсіндіруде. Қала әкімдігі өткізген мұндай «элиталы» қоғамдық тыңдау әлеуметтік желі белсенділерінің ашуын тудырды. Желіде назарызылық білдірген жазбалар карша борады.
— Санаулы кісіні шақырып алып шәй беріп мәселе шешпекші болған ба бұл әкімдік)) Мұндай маңызды тақырып бойынша қоғамдық тыңдауды миллионнан астам тұрғыны бар Шымкент халқы үшін кең ауқымда өткізу қажет… Қоғам пікірін дауысқа салсын! Ипподром мәселесі он шақты кісінің мақұлдауымен шешілмейді ,- деп жеке пікірін білдірді журналист Абай Омар.
Ал Сәбит Бәйтенов есімді желі қолданушысы «Құдалықтың дастарханынын жайыпты» деп, аста-төк дастархан жайып дарақылық танытқандарды сынға алған.
Желі қолданушыларының арасында ипподромды жоюдағы мақсат өзге екендігін айтқандарды да болды. Мәселен, Ақмарал Молдиярқызы :
«Негізгі мақсат Асанбай Асқаровтың есімін құрту сияқты. Одан басқа түсінік қалмады» деп, ойын сабақтаса, Салтанат Тойболова :
«Асанбай Асқаровтай ел ағасы, қоғам қайраткерінің көзі тірі болғанда….. Атқамінерлердің атшабарды айналшықтап шықпай қалуының басқа да себебі бар ғой деймін. «Атағын» бұлай шығармай-ақ қойсын!» деп, қынжылыс білдірді.
Айта кетейік, Шымкент қаласындағы ипподромның орнына «BI group» құрылыс компаниясы элиталы көпқабатты тұрғын үй кешенін салуды ұсынған болатын. Бұл ұсыныс халықтың наразылығын тудырып, қоғам арасында қызу талқыға түсті. Шымкент қаласының әкімдігі аталған мәселе бойынша қоғамдық тыңдау мен талқылау ұйымдастырылып, соның қортындысы бойынша шешім шығарылатынын хабарлаған.