ШЫМКЕНТ: ЕЛДІМЕКЕНДЕР ТАЛШЫҚТЫ ОПТИКАЛЫҚ ЖЕЛІГЕ ҚОСЫЛЫП ЖАТЫР
Шымкентте қаладан шалғай орналасқан елдімекендерді оптикалық желі арқылы интернетпен қамту бойынша жұмыстар қарқын алған. Бүгіннің өзінде 31 елді мекенде талшықты оптикалық желі тартылып, 210 мың тұрғынға интернет желісне қосылуға мүмкіндік жасалды. Бұдан өзге, жеке инвестор «СпецАвтоматикаСервис» компаниясы тарапынан «Жұлдыз» және «Жалын» елді мекендеріне толықтай кең жолақты интернет желісіне 500 тұрғын үйге қосылуға мүмкіндік жасалған. Алдағы уақытта елдімекендер қатарына, Игілік, Жаңаталап қосылады деген жоспар бар. Ресми мәліметке сүйенсек, былтыр мобильді интернеттен бөлек жеке инвесторлардық көмегімен Шымкенттің орталығынан шалғай орналасқан 20 елдімекенді талшықты оптика желісімен қамту жұмыстары жүргізіліп, 210 000-ға жуық қала тұрғындарына жоғарғы жылдамдықты оптикалық интернет желісіне қосылуға мүмкіндік жасалыпты. Қазір желіде мобильді интернет сапасына қатысты түрлі пікір туындап жатқаны белгілі. Осы тұста сала жауаптылары арнайы мониторинг жұмысын жүргізіп, нәтижесінде шаһардағы 27 нүктеде интернет сапасының төмендігін анықтаған болатын.Мамандар анықталған кемшіліктерді қалпына келтіру үшін мобилді операторлармен 14 аумақта арнайы құрылғы және оның 13 — не базалық станция орнатыпты. Сонымен қатар, инвестор тарапынан тағы да 28 нүктеге аталған құрылғыны салу жоспарланған. Қазір оның жетеуінде монтаждау жұмысы қарқын алған.
ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН « SMART CITY» ЖОБАСЫНЫҢ КӨРСЕТКІШІ 75% ҚҰРАЙДЫ
Статистикалық мәліметке сүйенсек, Шымкентте 2022 жылы « SMART CITY» жобасының көрсеткіші 55 пайызды құраған еді. Оған сәйкес, коммуналдық диагностикалық және ерте анықтау, сандық мұражайлар мен кітапханалар, біріңғай есеп айырысу орталығы, жарықтандыруды басқару жүйесі, белсенді азамат GOV.KZ аймақтық геоақпараттық жүйе сынды жобалар цифрланған еді.
Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 61 %-ға артты. Яғни цифрланған жоба қатарына, біріңғай бейнемониторинг жүйесі, коммуналдық ресурстарды қашықтықтан есепке алу жүйесі, I-qala ақпараттық жүйесі қосылды. Ал биыл жоспарланған жобалар іске асса, аталған көрсеткіш 75 %-ға жетеді деген жоспар бар. Ол үшін үшінші мегаполисте ақылды аялдамалар, өңірлік IT HUB, контейнерлік алаңдарды цифрландыру жобасын іске асыру қажет.
«Shymkent IT HUB» ОРТАЛЫҒЫН АШУ ЖОСПАРЛАНҒАН
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау шеңберінде «Astana Hub» халықаралық технологиялық паркінің үлгісі бойынша еліміздің барлық өңірлерінде «ІТ Hub» ашу тапсырылған болатын. Осы тұста, «Shymkent IT HUB» орталығын ашудағы мақсат – технологиялық кәсіпкерлікті танымал ету және технологиялық стартап құру болып саналады .Қазіргі таңда Шымкент қаласының аумағында «Shymkent IT Hub» технологиялық паркін ашу жұмыстары жүргізіліп, ғимараты бекітіліп те қойыпты. Ал технопаркке материалды техникалық базаны жеке инвестор есебінен немесе жергілікті бюджет есебінен қаржыландыру көзделуде. Осы кезде «Astana IT HUB» технопаркі және әкімдік арасында 2 тоқсан қорытындысымен меморандум жасалынып, техникалық ашылу ісі жоспарланып отыр екен.
Айта кетсек, 2024 жылы цифрлық трансформация саласы бойынша ақылды бағдаршам – интеллектуалдық көлік жүйесін енгізу және 109 — біріңғай байланыс орталығының ақпараттық жүйесін жаңғырту жұмысы жоспарға енген. Бұдан өзге, «Kcell» және «Кар-Тел» ЖШС тарапынан 58 аумаққа базалық станция орнату жоспарға енгізіліп, бос жер телімдері қарастырылып жатыр екен.
147 МЕКТЕПТЕ ИНТЕРНЕТ ЖЫЛДАМДЫҒЫ КӨТЕРІЛДІ
Үшінші мегаполистегі білім беру мекемелеріндегі интернет сапасына үнемі мониторинг жұмысы жүргізіледі, — дейді сала жауаптылары. Шымкентте 147 мектепте интернет жылдамдығы көтеріліпті. Мәселен, қазір білім беру мекемелеріне бөлінетін қаражат есебінен цифрландыру басқармасы арқылы орталықтандырылған модельге өтуді қамтамсыз ету және мектептердегі интернетті 150 мб/сек дейінгі жылдамдыққа көтеру жұмыстары атқарылып жатыр екен. Биыл басқарма тарапынан бір қызмет – санаториялық-курорттық жолдама жобасы автоматтандырылыпты.
Бұл пилоттық жоба жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мен цифрландыру басқармасы арасында ынтымақтастық туралы меморандум негізінде іске асырылған. Пилоттық жобаның нәтижесінде қаладағы зейнеткерлер шипажайларда емделу үшін онлайн кезекке тұрып, өздері кезек ретін бақылауына мүмкіндік алады. Қосымша ақпарат, өңірлік геоақпараттық жүйесінде цифрлық12 қызмет түрі көрсетіліп келеді . Айта кету керек, қалада былтыр цифрлық 167 мемлекеттік қызмет түрі көрсетілсе, осы жылы бұл көрсеткіш 170- ті құрап отыр. Аталған 170 мемлекеттік қызметтің 6-ы автоматтандырылмаған. Осы жылы 2 мемлекеттік қызмет әкімдік тарапынан электронды форматқа көшетіні белгілі болды.
«i-Kolik» қосымшасына балама ретінде «2ГИС» мобильді қосымшасына қаладағы қоғамдық көліктердің жүру бағытын анықтау мақсатында GPS трекерлерді байланыстыру тетігі қосылды. Қазіргі таңда аталған мобильді қосымшада қоғамдық көліктердің бағыттарын қадағалуға мүмкіндіктер бар.
ДЕМАЛЫС ОРЫНДАРЫНДА ҚОСЫМША ТЕГІН WI-FI ҚҰРЫЛҒЫЛАРЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ
Шымкенттік тұрғындарға жайлы ортаны қалыптастыру мақсатында 2023 жылы 20 қоғамдық орынға 55 wi-fi құрылғылары орнатылған. Биыл қосымша 5 қоғамдық орынға 15 wi-fi құрылғыларын орнатып, жалпы саны 70 wi-fi құрылғылары іске қосылады деген жұмыс жоспары да бекітіліп қойыпты. Сонымен қатар, ағымдағы жылы 11 мемлекеттік деректер қорымен интеграциялау жұмыстары жүргізілген орайда, 3 мемлекеттік қызмет түрі автоматтандырылатын болады.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен Цифрландыру басқармасы арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалынып, «i-Kolik» қосымшасына балама ретінде «2ГИС» мобильді қосымшасына жаңа функция іске қосылды. Енді тұрғындарда қоғамдық көліктердің бағыттарын қадағалу мүмкіндіктері бар. Қосымшада тағы бір жаңа жоба іске асырылды. Жедел қызмет көрсету салаларының бірыңғай байланыс номерлері мен тиісті мекен-жайға қарасты бөлімдердің ақпаратын ұсынатын тармақ қол жетімді.
2023 жылдың қыркүйегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республика халқына Жолдауы аясында «Қазақстанды IT еліне айналдыру» туралы тапсырма беріп, барлық саладағы реформалардың қарқыны мен маңыздылығын арттыру қажеттігін айтқан болатын.
«Білесіздер, мен цифрландыру мен инновация мәселелеріне ерекше көңіл бөлемін. Біздің алдымызда стратегиялық маңызды міндет тұр – Қазақстанды IT-елге айналдыру. Цифрландыру саласындағы жетістіктеріміз бар – біз электронды үкімет пен финтех даму индексі бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарындамыз. Былтырдың өзінде отандық IT-индустрия экспортының көлемі 5 есеге өсті. Түрлі салаларда қордаланған мәселелердің барлығы да Үкіметтің күнделікті және жүйелі жұмысының арқасында бірте-бірте шешілуде. Дегенмен өзекті мәселелерді шешуде, сонымен қатар еліміздің болашағы туралы өзіндік көзқарасымызды дамытуда, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру, жеке және ұжымдық құндылықтар жүйесін жетілдіру керек», – деген еді Қазақстан Президенті.
Осы тұста Шымкентте Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалып жатқаны қуантады. Жоғарыда аталған жобалардан бөлек, үшінші мегаполисте отбасының цифрлық картасын енгізу жұмысы да назардан тыс қалмаған. Атқарылған істің нәтижесінде жыл басынан бері 316,3 мыңнан астам адамға мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсету үшін SMS-хабарлама жолданды. Бұл ретте өтініш берусіз жәрдемақы немесе төлем алу мүмкіндігін 131,9 мың адам пайдаланыпты.
Қазір цифрландыру өміріміздің барлық саласына еніп жатыр және мемлекеттік органдар бизнес-процестерді оңтайландыру жолдарын белсенді түрде іздеуге кіріскен. Әсіресе құрылыс секторына ерекше назар аударылатыны айтпасақта түсінікті. Белгілісі, мұнда автоматтандыру шығындарды азайту және сыбайлас жемқорлықпен күресуде шешуші рөл атқарады. Осы тұста Шымкентте цифрлық жобаларды іске асыру бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесі байқалуда.