Бүгінде жұмыссыздықпен күрес мәселесі – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналып отыр. Өйткені, жұмыссыздық деңгейі отандық экономиканың тұрақтылығын, халқымыздың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын айқындап беретін негізгі көрсеткіштердің бірі десек, қателеспейтініміз анық. Сол себепті бүгінде мемлекет жұмыссыз азаматтарды еңбекпен қамтудың түрлі тетіктерін қарастырып, өз кәсібін бастағысы келетіндерге жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Осы орайда, ресми деректерге жүгінсек, Шымкент қаласында жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап отыр. Яғни, мансап орталығына екі қолға бір күрек іздеген 12 848 адам тіркелген. Былтыр жұмыс іздеген 57 181 азаматтың 42 714-і тұрақты, 6 617-сі уақытша жұмыс орындарына орналастырылған. Бұдан бөлек, қалада «Жұмыс берушілердің сұратуы бойынша оқу ұйымдарында жұмыссыздарды кәсіптік оқытуды ұйымдастыру» бағдарламасы жүзеге асып келеді. Өткен жылы осы аталған бағдарлама аясында тұрақты жұмысқа іліге алмай жүрген 1 671 кісі кәсіптік мамандыққа оқытылған. Ал, Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәлімдеуінше, еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптік мамандықтарға оқыту басқарманың маңызды қадамдарының біріне кіреді. Осы бастаманың аясында өткен жылы қаланың 2 400 тұрғыны қысқа мерзімді оқу курстарынан өтіпті. Бұл игі іс-шараның көздеген басты мақсаты елімізде жұмыссыздар санын азайту болып отыр. Сонымен бірге бүгінгі таңда қоғамның өзекті проблемасына айналған кәсіпорындардағы кадр тапшылығы мәселесін түбегейлі шешуге септігін тигізбек.
Мамандар мемлекеттің бұл межені төмендету үшін барлық іс-шараларды жасап жатқанын айтады. Атаап айтқанда, азаматтарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатыстыру үш жоба негізінде жүзеге асырылады. Олар – кәсіпкердің қажеттіліктеріне қарай дағдыларды дамыту, субсидияланатын жұмыс орындары, жеке кәсібін ашу үшін жағдай жасау. Алғашқы жобада жұмыс берушілердің сұранысы бойынша жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға қысқа мерзімді кәсіптік оқытып, соңынан жұмысқа орналастырылады. Оқу барысында үш ай бойы шәкіртақы тағайындалған. Биыл осы бағытта 1 110 жұмыссыз азаматқа қайта оқыту курсына жолдама берілген. Оқу сәтті аяқталғаннан кейін жұмыс беруші жұмыссыз азаматты әлеуметтік келісімшарт негізінде 10 жұмыс күні ішінде мәлімдеген жұмыс орнына кем дегенде 6 ай мерзімге жұмысқа орналастыруға міндетті.
Халықты жұмыспен қамтуда субсидияланатын жұмыс орындары да өзіндік мәнге ие. Биылғы жоспар бойынша 7 454 адамға субсидияланатын жұмыс орындарына жолдама беру көзделіп, бүгінге дейін 4 490 жолдама берілді. Субсидияланатын жұмыс орындарына жастар практикасы, Алғашқы жұмыс орны, Ұрпақтар келісім шарты, Күміс жас, Қоғамдық жұмыстар, мүгедектігі бар азаматтарға арналған әлеуметтік жұмыс орындары кіреді. Бағдарламаға қатысушылардың еңбекақысы мемлекет тарапынан өтеліп жатыр.
Бүгінде мемлекет азаматтардың өз кәсібін ашуына да қолдау көрсетіп жатыр. Жеке кәсібін ашу үшін «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде биылғы жылы 3 750 адамды оқыту көзделіп, бүгінге дейін 1 364 адам онлайн форматта кәсіпкерлік дағдыларын қалыптастырды. Сонымен қатар, 2024 жылы 426 адамға кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үшін 400 АӘК көлемінде қайтарымсыз грант беру көзделген. Алғашқы лекте 214 адам грант иегері атанды.
Комиссия өкілдері бизнес-жобалардың өміршеңдігіне, бәсекеге қабілеттілігіне және үміткердің кәсібилігіне назар аударды. Комиссияның шешімімен оң қорытынды алған бизнес-жобалардың 25-і мал және құс шаруашылығын, 52 –сі қызмет көрсету, 34 кондитер және нан өнімдері, 41 тігін саласын, 16 жартылай фабрикат өнімдерін, 3 — жиһаз өндірісін, 35 өндіріс саласын, 8 тамақ өнеркәсібін қамтыды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қалада өткен жылдан бастап кәсіп бастауға бет бұрған, бизнесін өркендеткісі келген жастарға 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беріле бастады. Бағдарламаға қатысу үшін 2023 жылы 500-ге жуық жастан өтінім түсіп, оның ішінде 263 үміткер шағын несиеге қол жеткізді. Микрокредит алып, кәсіп бастаған жастардың дені қызмет көрсету, сауда және жеңіл өнеркәсіп салаларымен қатар, малшаруашылығын қамтыды.
Сондай-ақ, биыл жастардың кәсіпкерлігін қолдау мақсатында 273 қатысушыға несие беру жоспарланып отыр. Жас буынның бизнес жобасын арнайы құрылған комиссия өкілдері саралайды. Бұл ретте бизнес жобалардың өзектілігі, экономикалық негіздемесі, қоғамдық маңыздылығы, іс-қимыл жоспары бағаланады. Кәсіпкерлер 5 миллион теңгеге дейінгі несиені мал шаруашылығы жобалары үшін 7 жылға дейін, кәсіптің басқа түрлері үшін 5 жылға дейінгі мерзіммен ала алады. Бұл орайда қатысушылардың «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-на өтінім білдіргендегі жасы ескеріледі. Микрокредит алушылар үшін негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең беріледі, бұл микрокредит мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды делінген әкімдік мәліметінде
Ал, жұмыссыз қалған қазақстандықтар әлеуметтік жәрдемақы алуға құқылы. 2024 жылғы 6 айындағы жағдай бойынша елімізде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылардың саны 162,6 мың адам болды. Ал, Шымкент қаласында осы кезеңде 5594 адам өтінім беріпті. 2023 жылы 8854 болған еді. Қолданыстағы заңнама бойынша, жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және кейінгі 24 айдағы табысына байланысты бір айдан алты айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің 45 пайызына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмыскерге:
– eGov.kz порталында авторизациялану;
– «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;
– онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет;
– бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі мансап орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады;
– егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі;
Бұл қызметті онлайн режимінде Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.
Жердемақы тағайындау шарттарының ішіндегі ең маңыздысы — өтініш берушінің міндетті сақтандыру жүйесінің қатысушысы болуы. Егер жұмыс берушілер қорға ай сайын аударым жасамаса, қызметкер жәрдемақы талап ете алмайды.
Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде Еңбекминінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.