ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Бекназаров Шымкент қаласына жұмыс сапары аясында бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап жүр. Сенат депутаты бүгін Бозарық шағынауданында өзекті мәселелер бойынша тұрғындармен кездесіп, аз қамтылған отбасыларға арналған тұрғын үй құрылысымен танысты.
Шағынауданда 2021 жылы жұмыс істейтін жастарға арналған арендалық пәтерлер берілген еді. Жалпы 10 үй. Кездесуде тұрғындар үйдің сапасына қатысты бірқатар кемшіліктерді жеткізіп, үйді бастапқы жарнамен ипотекалық бағытта рәсімдеу жөнінде өз ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ, жол, терезелерді қымтау, кәріз мәселесін шешіп беруді сұрады.
Жиынға қалалық тұрғын үй, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, Полиция департаменті өкілдері қатысып, тұрғындардың мәселелеріне жауап берді. Жауапты мердігер мекеме өкілі бес жыл кепілдік мерзімі бойынша кемшіліктер кезең-кезіңмен шешіліп жатқанын айтады.
Сенат депутаты ендігі ретте тұрғындарды аулаларды күтіп-ұстауға шақырды. Ал тұрғын үйдің құжаттарын рәсімдеу бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізіп, бақылауға алатынын мәлімдеді.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Бекназаров Шымкент қаласына жұмыс сапары аясында қалалық Полиция департаментінің қызметкерлерімен кездесу өткізді. Қоғамдық қауіпсіздік пен құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері бойынша атқарылған жұмыстарды талқылап, мамандардың ұсыныстарын тыңдады.
Сенат депутаты азаматтардың ішкі істер органдарына сенімін арттыруда департаменттің жұмысы ауқымды екенін атап өтті.
-Шымкент қаласында аса ауыр қылмыстар саны азайып отыр. Әрине, жұмыс күші, материалдық жабдықтау бойынша әлі де мәселелер бар. Қала әкімдігі мен департамент арасында жақсы байланыс орнатылғанын көріп отырмын. Жалпы профилактикалық жұмыстардың маңызы зор. Ендігі ретте қызметкерлердің материалдық жағдайын назардан тыс қалдырмау керек. Ынталандыру шараларын әрдайым назарға алыңыздар, — деді Сенат депутаты.
Шымкент қаласы аумағында қоғамдық-саяси жағдай тұрақты. Қабылданған шаралардың нәтижесінде криминогендік жағдай бір қалыпты – қылмыстардың жалпы саны -27,1 пайызға төмендеген. Қылмыстың тіркелуі өткен жылмен салыстырғанда -25,9 % азайған.
«Полицияның сервистік моделі» пилоттық жобасы 5 ауданда құрылып, ведомствоаралық топтар жұмыс атқаруда. Проблемалық аумақтарды анықтау жұмыстары жүргізілген.
Жиында қызметтің сапасын жақсартуда бірқатар ұсыныстар айтылды.