Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында Білім беру саласындағы кәсіпкерлер салалық кеңесінің отырысы өтті. Жиынға Палата басшылығы, қалалық прокуратура өкілдері, Шымкент қаласы әкімдігінің түрлі басқармаларының жетекшілері, кәсіпкерлер қатысты. Жиынның күн тәртібінде қаладағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын кешенді тексеру мәселесі көтерілді. «Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығы» Шымкент қалалық филиалының директоры Диана Караманованың айтуынша, балабақшаларда бүгінгі таңда прокурорлар тарапынан жоспардан тыс тексеру жүруде. «Бұл тексерулерді жүргізу үшін Шымкент қаласының прокуратурасы 16-ға жуық бақылау органының мамандарын жұмылдырған. Қазіргі таңда осы тексерулердің салдарынан қолайсыз құқықтық, экономикалық, әлеуметтік жағдай туындап отыр. Оған қоса прокуратура қаулысындағы тексерулер саны арнайы сайттардағы тексеруден көп. Сонымен қатар кейбір жекеменшік балабақшалардың қызметкерлері тексерушілердің дөрекі сөйлеп, комиссия құрамында тізімде жоқ адамдардың бар екенін айтуда. Осыларды ескере отырып прокурорлық тексерулерді ҚР Президентінің, ҚР Бас прокурорының тапсырмаларына сай және ҚР заңдарына сай етіп жүргізуді сұраймыз», – деді Диана Караманова. Кәсіпкерлер тексерулер салдарынан балабақшаларды білім беру процесіне кедергі келіп, мамандардың арасында да, ата-аналардың арасында да түсініспеушілік туындап отырғанын жеткізді. Айтуларынша, нарықта білім саласына қажет қызмет көрсету өнімдерінің бағасы қымбаттап, кәсіпкерлерге шығын келтіруде. Кәсіпкерлердің шағымына баяндаманы мұқият тыңдаған Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі Қайсар Қалдыбаев жауап берді. «Ең алдымен мұндай тексерулердің бүкіл Қазақстан бойынша өтіп жатқанын айта кеткім келеді. Бас прокурордың тікелей бақылауындағы бұл тексерулерде барлық заң талабы қатаң сақталғанын жауапкершілікпен айта аламын. Тексерулерге қатысатын барлық органдардың қызметкерлеріне қызметтік және құқықтық этика мен заң талаптарын сақтау туралы нақты ескертілген. Егер қандай да бір күдікті жағдай туындаса, тікелей маған хабар беруге болады. Комиссия құрамында тізімде көрсетілмеген адам болса, оны кәсіпкер өз мекемесіне кіргізбеуге құқылы. Барлық тексеруші қызметкердің аты-жөні мұқият келісілгенін айта кетейін. Және тексеру қаулыларының нөмірлері тексеру субъектілері мен объектілерінің бірегей тізілімінде тіркелген. Оның бір данасы міндетті түрде тексерудің алдында кәсіпкерге беріледі. Сайтта сол тексеру қаулысындағы тексерудің әр абзацы өз алдына бөлек ашылатынын көруге болады, ол – ұзақ тізім. Яғни, тексерудің мәні толық қамтылады», – деді Қайсар Қалдыбаев. Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі жиында балабақша өкілдерінің сұрақтарын тыңдап, жеке жауап берді. Құзырлы орган өкілдерінің тарапынан заң аясынан тыс әрекеттің болмауы қатаң ескертілгенін тағы да қайталып, қандай да бір сұрақ туындаса, өзіне хабар беруге шақырды. Кәсіпкерлердің тексеруге қатысты басқа да сұрақтарына жиынға қатысқан тиісті органдардың өкілдері жауап берді. Кеңес отырысының соңында Палата директорының орынбасары Мақсат Өткелбаев қалалық білім басқармасы басшысының орынбасарына тиісті мекемелер мен балабақша жетекшілерін жинап, тексерулер мен олардың қалай өтетіні туралы кеңінен түсіндіруді ұсынды. Бұл ұсынысты барлық тарап қызу қолдады.