Салалық басқарма басшыларына бірқатар міндеттер қойылды. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Еңбекші ауданына қарасты Ұлағат шағын ауданындағы кәріз желілерінің жай-күйін тексерді. Еске салсақ, нысанға 2021 жылы құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 2022 жылы қабылдау актісіне қол қойылған. Тексеру барысында мердігер ұйымның немқұрайлығына байланысты құрылыс-монтаж жұмыстары кезінде көптеген кемшіліктер орын алғаны анықталды. Мәселен, Баянды, Ақбұлақ, Ақсарай және Көкөзен көшелерінде жалпы ұзындығы 700 метрге жуық кәріз құбыры жүргізілмеген. Кейбір көшеде құбыр биік жерге орнатылғаны және кәріз-сорғы станциясы мүлде іске қосылмағаны анықталды. Кәріз құдықтары қоқыспен толтырылған. Жұмыс аяқталғаннан кейін де компания бірнеше көшеде қазылған жолды қалпына келтірмеген. Тапсырыс беруші тарапынан қабылдау актісіне басқарма басшысының орынбасары Мақсат Ердембеков қол қойған. Бас мердігер «Алемстрой-1» ЖШС директоры Марат Сапарбеков, қосалқы мердігер тарапынан «Еуро-Құрылыс» ЖШС директоры Олжас Жандарқұлов және «СпецКоммунстрой» ЖШС директоры Б.Разимбеков. Техникалық қадағалауға директор Дүйсенкүл Анарбекова мен сарапшы Махсұт Құдайбергенов «Амал» ЖШС тарапынан жауапты болған. Авторлық қадағалау үшін- «Шабыт-21» ЖШС директорының міндетін атқарушы Асанәлі Ералыұлы жауапты. Осыған орай алдағы уақытта «Су құбыры және кәріз басқармасы» МКК мамандары нысанға нүктелік тексеру жүргізеді. Ағымдағы жылдың маусым айында Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы іс жүргізу шешімін қабылдау үшін Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне хат жолданды. Ал жоғарыда аталған азаматтарға қатысты ең қатаң шаралар қабылданатын болады. Сонымен қатар, Сарышаған көшесінде тұратын «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын үй алабы тұрғынының өтініші назардан тыс қалмады. Заңнамаға сәйкес азаматтар өз есебінен ішкі инфрақұрылымды жөндеуге міндетті. Оған қарамастан, қала әкімі жауапты тұлғаларға тұрғынға көмектесуді және сумен жабдықтауды жедел қалпына келтіруді тапсырды. Одан әрі Жаңаталап тұрғын алабындағы, Қонаев даңғылындағы, Володарский көшесінің қиылысындағы көпірлердің құрылысын тексерді. Мердігер ұйым өкілдеріне барлық жұмысты сапалы және мерзімінде аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, теміржол вокзалының маңындағы аумақты абаттандыру жұмыстарын және «Ордабасы» алаңындағы субұрқақтарды қайта жаңарту барысымен де танысып, салалық басқарма басшыларына бірқатар міндеттер қойылды. Бұдан бөлек, шаһар басшысы айналма жол аясында «Ескі қала»аумағында құрылыс материалдарын сатумен айналысатын кәсіпкерлермен кездесті. Оларға сауда нүктесі қаланың бірыңғай дизайн-кодына сәйкес келу керек екенін және өртке қарсы қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар, Мәделі Қожа көшесіндегі Халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратын аралап, «Абай»атындағы саябақтың санитарлық жағдайымен танысты. Қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында жауапты мамандарға әкім тарапынан бірқатар нақты тапсырмалар берілді.