Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес адам папилломавирусына қарсы вакцинациялау 2024 жылдың 3 тоқсаны, яғни қыркүйек айынан бастап жүргізілетін болады. Осы жоспарланған ауқымды іс-шараны жүзеге асыру мақсатында Түркістан облысы бойынша арнайы кешенді жоспар мен бірлескен бұйрықтар дайындалып, бекітілді. Вакцина тегін негізде білім беру ұйымдарының егу кабинеттері арқылы қолжетімді болады. Сондай-ақ, ата-аналардың өтініші бойынша вакцинацияны тіркелген жері бойынша емханалардан алуға болады. Бұл туралы Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бахтыораз Елемесов Түркістан облысы әкімі орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен жиында мәлімдеді.
– Өздеріңізге белгілі, көп жылдардан бері обыр ауруы бүкіл адамзат үшін оның өмірі, денсаулығына қатысты өте өзекті мәселе болып табылады. Бүгінгі таңда обыр ауруларының негізгі бірнеше түрлері ішінде жатыр мойны обырының үлес салмағы жылдан-жылға артып келеді. Вакцинация жатыр мойны обырының шалдығуына жол бермеудің бірден-бір тиімді баламасыз құралы болып табылады. Бұл ғылыми практикалық түрде дәлелденген. Оған көп жылдардан бергі дамыған елдердің бағытталған іс-шараларының нәтижелері дәлел бола алады. Елімізде Үкімет қаулысына сәйкес жоспарлы профилактикалық екпелер жүргізілетін инфекциялық аурулар тізіміне 11 жастағы қыздарды адам папилломавирусына қарсы вакцинациялау енгізілді. Бұл жас ДДҰ онкологтардың ұсыныстарына сәйкес таңдалды. Себебі 11 — 14 жас аралығындағы иммундау ересек жасқа қарағанда тиімді болып, тұрақты иммунитет қалыптасады. Қызбалаларды вакцинациялау тек ата — анасының келісімін алғаннан кейін жүргізіледі, — деді Департамент басшысының орынбасары Бахтыораз Мизамұлы.
Айта кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша 95%-дан астам жағдайда жатыр мойны обырын адам папилломавирусы тудырады. Адам папилломавирусы бар әйелдерде жатыр мойны обырының даму ықтималдығы адам папилломавирусы жоқ әйелдерге қарағанда 6 есе жоғары. Бүгінгі күндері адам папилломасына қарсы вакцинациялау 135 елдің ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесіне енгізілген. Қазақстанда жыл сайын жатыр мойны обырының 1900-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі немесе күн сайын жатыр мойны обырының 5 жаңа жағдайы диагностикаланады. Жатыр мойны обырының дамуы — әйелдің адам папилломавирусын жұқтыруымен тікелей байланысты, бұл туралы көптеген ғылыми дәлелдер бар.
ҚР ДСМ СЭБК Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Нышанов Нұрбек Садықбекұлы