Корея Республикасы Президенті делегациясының Қазақстанға ресми сапары аясында Астана мемлекеттік қызмет хабының Басқарушы комитеті төрағасы Алихан Байменов пен Корея Республикасы Персоналды басқару министрі Ким Сын Хо Кореяда Астана мемлекеттік қызмет хабының орталығын құру бойынша өзара түсіністік меморандумына қол қойды.
Меморандум — екі тарап арасындағы ұзақ мерзімді жемісті ынтымақтастық нәтижесі. Кореядағы Астана мемлекеттік қызмет хабы орталығы қызметі ынтымақтастық шекараларын кеңейтуге, сондай-ақ мемлекеттік қызмет саласындағы озық тәжірибелерді таратуға бағытталады.
Тараптар осы келісім екі елдің де өркендеуі мақсатында мемлекеттік қызметтің тиімді дамуына ықпал ететін жаңа кезең болатынын атап өтті. Бұл бастама персоналды басқару саласында инновацияларды енгізу мен халықаралық ынтымақтастықты нығайтуды қамтамасыз ете отырып, жаңа перспективаларға жол ашады.
Меморандумға қол қоя отырып, Алихан Байменов Хаб «Министрліктің Кореяда Хаб орталығын құру туралы бастамасын, бір жағынан біздің атқарған жұмысымызға, екінші жағынан Хабтың мемлекеттік қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту әлеуетіне берілген жоғары баға» деп қарастыратынын айтты.
Екіжақты келіссөздерден кейін Мемлекет басшысы мен Корея Республикасының Президенті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, шақыруын қабыл алып, сапармен келгені үшін Президент Юн Сок Ёльге шынайы ризашылығын білдірді және бұл күнді қазақ-корей достығы жылнамасындағы айтулы оқиға деуге толық негіз бар екенін айтты.
– Біз Корея басшысының осы мемлекеттік сапарына айрықша мән береміз. Бұл екіжақты қарым-қатынастың деңгейі жоғары екенін көрсетеді. Мен елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты жоғары бағалаймын. Бүгін біз кеңейтілген стратегиялық әріптестігімізді одан әрі дамытуға уағдаластық. Өзара ықпалдастықтың жаңа бағыттарын айқындадық. Ең бастысы, бір-бірімізге әрқашан тілеулес екенімізді таныттық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті екі ел сауда-экономика және инвестиция салаларына баса мән беретінін, Корея Қазақстанның ең ірі бес инвесторының бірі саналатынын жеткізді.
– Былтырға дейін осы елден тартылған инвестиция көлемі 9,6 миллиард долларға жетті. Бұл көрсеткішті ұлғайтуға екі тарап та мүдделі. Қазақстанда корей капиталы бар 700-ден астам компания қызмет етеді. Мысалы, Samsung, Hyundai, Kia, Lotte, Doosan, Posco сияқты алпауыт корпорацияларды атап өтуге болады. Олар елімізде табысты жұмыс жүргізіп жатыр. Біз Президент Юн Сок Ёль мырзамен жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға келістік. Әсіресе инфрақұрылым, өндіріс, қаржы, энергетика, экология, автомобиль мен аэроғарыш өнеркәсібі, IT, цифрландыру және басқа да салаларға басымдық беріп отырмыз. Қазір Doosan Enerbility компаниясы Түркістанда бу-газ қондырғысы арқылы жұмыс істейтін электр стансасын салып жатыр. Сонымен қатар Samsung Electronics компаниясы елімізде тұрмыстық техника шығаратын өндіріс ашуға ниет білдірді. Біз мұндай бастаманы барынша қолдаймыз. Сондай-ақ GL Ralpha компаниясы Астанада биофармацевтика зауытын салуды жоспарлап отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Келіссөз барысында сирек кездесетін металдарды бірлесіп зерттеу және өндіру мәселесі де қарастырылды.