Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында да ауқымды реформалар жүргізіп келеді. Бұл – қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға, экономикалық өсімді қамтамасыз етуге және халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған.
Президент Тоқаевтың бастамасымен Конституцияға концептуалды өзгеріс енгізілді. Яғни жер мен оның қойнауындағы байлық халықтың меншігі ретінде айқындалды. Бұл қағида әлеуметтік саясаттың тірегіне айналды.
Нақты дәлел: «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама арқылы еліміздегі әр балаға Ұлттық қордан қаражат бөліне бастады. Бұл шараның түпкі мақсаты – әлеуметтік теңсіздікті азайтып, балалардың өмір сүру жағдайын жақсарту. Бағдарлама өскелең ұрпаққа инвестиция салып, олардың білім алуына, денсаулығын жақсартуға және өмір сүру деңгейін арттыруға мүмкіндік беруге тиіс.
Шағын және орта бизнесті қолдау жұмыстары да артты. Бизнесті тексеруге үш жылға дейін мораторий жарияланды. Заңсыз алынған активтерді елге қайтарып, экономикалық айналымға түсіре бастады. Еліміздің логистикалық мүмкіндіктерін молайту арқылы табыс түсімін арттыруға жіті мән берілуде. Алдағы уақытта Қазақстанды логистикалық хабқа айналдыру жөнінде ауқымды міндеттер қойылды. Соған сәйкес инфрақұрылымды дамытудан бастап, қалыптасқан жүйені цифрландыру жұмысын қарқынды жалғастыруға айрықша мән беріліп отыр.
Президент индустрияландыру және инновацияларды дамытуға үлкен мән береді. Осы бағытта экономиканың әртараптандырылуы және жаңа технологияларды енгізу мемлекеттің маңызды міндеттеріне айналды. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламалары арқылы өндіріс орындарын құру, ғылыми зерттеулерді қолдау және жоғары технологиялық салаларды дамыту көзделіп отыр. Цифрландыру саясатын жаңғыртып, бұл бағыттағы жетістіктерімізді еселеуге жаңа мүмкіндіктер жасалып келеді.
Бұрын назар аударылмаған энергетикалық, инженерлік жүйені түбегейлі жаңарту бастамасы қолға алынды. Ұлттық қауіпсіздік, халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін бұл сала ондаған жыл бойы қараусыз қалып келгені ешкімге жасырын емес. Мемлекет басшысы бұл олқылықтар түзелмей тұрмыс түзелмейтінін жақсы біледі және білгендіктен нақты шешімдер қабылдап келеді.
Әлеуметтік серіктестік қағидаттары да – ерекше тоқталуды қажет ететін тақырып. Еліміз еңбек қатынастарын реттеу, жұмысшылардың құқықтарын қорғау және еңбек жағдайларын жақсарту мәселелерін айтарлықтай күшейтті. Әлеуметтік серіктестік аясында жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасындағы диалогті нығайту, еңбек құқықтарын қорғау және өндірістік дауларды шешу тетіктерін жетілдіру маңызды орын алады.
Әлеуметтік саланың әуелгі тірегі саналатын денсаулық сақтау және білім жүйесі де түбегейлі реформаға ұшырады. Аталған сала мамандарының жалақысын екі есеге дейін ұлғайту туралы шешім қабылданды. Бұл білікті мамандардың салаға келуіне жаңаша серпін бергені сөзсіз. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Ғылымның дамуына айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Ұлттық ғылым академиясы өзінің тарихи тұғырына қайта қонды.
Алдағы уақытта жоғарыда біз атап өткен әділеттілікке негізделген әлеуметтік және экономикалық саясат қағидасы – еліміздің қуатының, халқымыздың әл-ауқатының негізгі сенімді күші болып қалатыны даусыз.
Қоғамдық сананың серпілісі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың күллі реформасының өзегінде «Заң мен Тәртіп» ұстанымы тұр. Шын мәнінде «Әділдік» феномені осы екі түсінік үстемдік құрмай тамыр жая алмасы анық.
Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның «Заң адам үшін жазылады. Адам заң үшін тумайды» деген сөзі бар. Еліміз қабылдаған қабырғалы құжаттар ең әуелі азаматтарымыз, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, оларды кертартпа қоғамдық кеселдерден сақтау үшін жазылған.
Бұл ретте елімізде синтетикалық есірткі саудасын, құмар ойын жарнамасын, тұрмыстық зорлық-зомбылықты, браконьерлікті ауыздықтайтын бірқатар заң қабылданды.
Мұның бәрі Әділетті Қазақстанды тұғырына шығарып, нық орнатуға бағытталған қадамдар. Түбегейлі реформалар өз миссиясын орындады. Бірақ реформаларды жүзеге асыру – бір бөлек, оны орнықтыру – бір бөлек дүние. Бұл үшін қоғамдық сана да жаңғыруға тиіс.
Президентіміз ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын жаңа құндылықтар тізімін, яғни «Адал азаматтың» бейнесін айқын көрсетті. Бұл не үшін қажет? Қоғамдық ұстанымдар мен қолдау негізінде оң бағыттағы реформалардың іске асуы және берік орнығуы үшін қажет. Себебі адал азамат – ескі жүйеге оралмаудың кепілі, әділеттілік құндылықтарының қорғаны.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көшбасшылығымен еліміз бес жылды еңсерді. Бұл ұзақ жылдар бойы сірескен саяси жүйені серпілткен бес жыл болды. Қордаланған әлеуметтік мәселелердің түйінін шешкен бес жыл болды. Экономикалық өрлеуді қамтамасыз ету үшін батыл ұмтылыс жасаған бес жыл болды. Ең бастысы, қоғам жылдар бойы күткен әділеттілікті төрге оздырған бес жыл болды. Бұл бес жыл алдағы жетістіктеріміздің жолашарына айналатыны анық.