Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді дамыту жөнінде кеңес өткізді. Президенттің пікірінше, отандық туризмді тежейтін елеулі түйткілдің бірі — көлік инфрақұрылымының нашарлығы.
— Еліміздегі теміржол саласы сын көтермейді. Вагондардың көбі әбден ескірген. Кейбір вагондарда, тіпті, кондиционер де жоқ. Үкімет алдағы бес жылда вагондар паркін жаңартуға тиіс. Бұл жұмысты созбай, жедел аяқтау қажет. Сондай-ақ теміржол стансаларының аумағын абаттандыру керек, барлығы халықаралық стандарттарға сай болуға тиіс. Жаз айларында жолаушылар саны күрт артатыны белгілі. Жұрт жиі баратын жерлерге жайлы вагондары бар пойыздарды көбейту қажет. Бұл — өте жедел атқаратын міндет. Автомобиль жолдарының сапасы да нашар. Әсіресе, шалғайда орналасқан демалыс аймақтарына көлікпен жету оңай емес. Тіпті, өте қиын. Тасжол жоқ деуге болады. «Астана — Алматы» бағытындағы жолды жөндеу жұмыстары 2021 жылдан бері созылып келеді. Бұл — Қазақстанның оңтүстігі мен орталығын байланыстырып тұрған күре жол. Құрылысы аяқталмай жатқан тағы бірнеше жоба бар. Бұлар — Атырау — Астрахань, Талдықорған — Өскемен, Мерке — Бурылбайтал, Ақтөбе — Қандыағаш, Казталовка — Жәнібек бағыттары. Бір сөзбен, мұндай ахуал аймақтардың туристік әлеуетін толық ашуға мүмкіндік бермей отыр. Оның үстіне, жол жөндеу жұмыстарының сметалық құны жыл сайын қымбаттайды. Үкімет осы құрылыстарды биыл толық аяқтауы керек. Барлық бағыттар бойынша жұрттың кедергісіз қатынауын қамтамасыз ету қажет, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы демалыс орындарымен логистикалық байланыстың нашарлығы ішкі туризмге ғана емес, шетелдік қонақтардың да келуіне әсер ететінін айтты.
— Шетелдік туристердің 90 пайызына жуығы көршілес ТМД елдеріне тиесілі. Алыс шетелден келетін туристер әзірге аз. Халықаралық зерттеулерге сәйкес, саяхатшылардың 70 пайыздан астамы ұшақпен 4 сағат айналасында жететін демалыс орындарына барғанды жөн көреді. Демек Қытай, Үндістан, Шығыс Азия, Таяу Шығыс елдерінен келетін туристер үшін Қазақстан өте тартымды болуы мүмкін. Бұл ретте шетелдік туристердің ұлттық менталитетімен, олардың мүддесімен және сұраныстарымен санасып, өзіндік ерекшеліктерін ескерген жөн. Бүкіл туристке бір бағдарлама ұсынуға болмайды. Ол үшін жоғары білікті мамандар керек және сапалы жұмыс істеу қажет. Алдағы бес жылда елімізге келетін туристер санын екі есе, тіпті үш есе арттыруға мүмкіндігіміз бар. Әуе тасымалы саласын дамыту қажет. Ең алдымен, танымал әуе бағыттарындағы лоукостерлердің санын көбейту керек. Қазір Қазақстанның жолаушылар тасымалы құрылымындағы лоукостерлердің үлесі — небәрі 21 пайыз. Салыстырмалы түрде айтқанда, Грузия мен Әзербайжанда бұл көрсеткіш 56 және 37 пайызды құрайды. Сонымен қатар бизнес әуе тасымалы нарығында ұдайы өзгерістерге тап болып отыр. Тіпті оған бейімделіп үлгермейді. «Атамекен» палатасының мәліметі бойынша биыл Алакөл бағытындағы әуе рейстері субсидиясыз қалды. Бұл туралы туристік операторлар маусым басталар алдында ғана білді, — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы деп жарияланғанын еске салып, көрші елден туристерді көбірек тарту үшін мәдени әлеуетімізді пайдалану, шекара маңындағы туристік ынтымақтастықты дамытуға айрықша мән беру маңызды екеніне назар аударды.
Бұл ретте Үкіметке шекаралас аймақтардың әкімдерімен бірлесіп, елді мекендерді туристер қабылдауға дайындау, Бақты және Көлжат бақылау-өткізу бекеттеріндегі жаңғырту жұмыстарын тезірек аяқтау, сондай-ақ Қазақстанға келген шетелдік туристердің қауіпсіздігін ұдайы бақылауда ұстау жөнінде тапсырма берілді.