Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайын Қытайдың Хайнань провинциясында өтетін Боао Азия форумының пленарлық сессиясының ашылу рәсіміне қатысты.
Еліміз Қытайдың Орталық Азиядағы негізгі сауда-экономикалық серіктесіне айналды. Президент аталған форумда құрметті қонақ ретінде сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы жиын қатысушыларына ілтипат білдіре отырып, құбылмалы геосаяси ахуал мен экономикалық қиыншылықтың салдарынан туындаған жаһандық тұрақсыздық жағдайында бұл платформа диалог пен халықаралық ынтымақтастық орталығы ретінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Бүгінде Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы тиімді серіктестіктің үлгісі саналады.
– Қытайдың аймақтағы сауда-саттығы мен салған инвестициясының тең жартысы Қазақстанның үлесіне тиесілі. Былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 41 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұл – тарихи рекордтық көрсеткіш. 2023 жылы елдеріміз арасындағы жүк тасымалының көлемі 22 пайызға артып, шамамен 30 миллион тоннаға жетті. Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға жасаған сапары кезінде «Бір белдеу, бір жол» ауқымды мегажобасын таныстырған болатын. Аталған жоба Шығыс пен Батыс арасындағы негізгі көпір қызметін атқарады, ал Қытайдан Еуропаға құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 80 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Бұл маңызды артықшылықты біз толыққанды пайдалануға тиіспіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өз сөзінде еліміздің жаңа экономикалық бағытына айрықша назар аударды.
– Былтыр еліміздің экономикалық өсімі 5,1 пайызды құрады. Бұл әлемдік экономиканың болжамды даму қарқынынан шамамен екі есе көп. Біз ортамерзімді перспективада экономиканың өсімін кемінде 6 пайыз деңгейінде ұстап тұруды және 2029 жылға қарай оның көлемін екі есе ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін мен жаңа экономикалық бағытты жарияладым. Бұл бастама күшті әрі қарқынды дамыған мемлекет құруға бағытталған құрылымдық реформаларды жүзеге асыруды көздейді. Қазақстандағы ашық есік саясаты, мол ресурстар және либералды нарықтық реформалар көптеген шетелдік, соның ішінде қытайлық компаниялардың да назарын аударды. Осы орайда біз азиялық серіктестерімізді экономикамызға инвестиция құюға, өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын қарастыруға шақырамыз, – деді Мемлекет басшысы.