Ресей президенті Владимир Путин Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында БАҚ өкілдерімен кездесуінде Ресей Федерациясы мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас жайын сөз етті. Ресей Федерациясы басшысының айтуынша, Ресей мен Қазақстан арасында екіжақты қарым-қатынасты қиындатындай мәселе жоқ. «Шынымды айтсам, даулы болатындай және қарым-қатынасымызды (Қазақстанмен – ред. ескертпесі) қиындататын бірде-бір мәселені көріп тұрған жоқпын», — деді Путин журналистермен кездесуінде. Бұған қоса ол кездесу барысында Ресей Қазақстанның солтүстік өңірлеріне газ беретінін мәлімдеді. «Энергетика туралы айтатын болсақ, біз Өзбекстанға ғана емес, Қазақстанға да газ береміз. Солтүстік Қазақстан біздің энергия тасымалдаушымызға мұқтаж», — деді Ресей президенті. Ол Қазақстанның газбен қамтуды қажет ететін үлкен облыстары бар екенін және ол жақта құны миллиард доллар болатын жаңа бағыттар жүргізгеннен гөрі Ресейден газ алу жеңіл әрі арзанырақ екенін айтты. Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин келесі айда Астанаға баруды жоспарлағанын айтты – шілдеде бұл қалада ШЫҰ саммиті өтеді. Ресей Федерациясының басшысы Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында әлемнің жетекші ақпарат агенттіктерінің басшыларымен кездесуінде алдағы жоспарларын сөз етті. «Жақында Астанаға барғалы отырмыз. Ол жақта ШЫҰ саммиті және басқа да түрлі іс-шаралар өтеді. Менде шақырту бар. Әрине, оны қолданамын», — деді Ресей президенті. Айта кетейік, кеше Ақорда өкілдері Шанхай ынтымақтастық ұйымының биылғы саммиті Астанада 3-4 шілдеде өтетінін мәлімдеді. Президенттің баспасөз қызметінің мәліметінше, жиында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастықтың көптеген өзекті мәселесін қарастырады. Форумға бақылаушы елдер мен диалог бойынша серіктес мемлекеттердің басшылары қатысады деп жоспарланып отыр.