Қазақстанның Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстанмен жүк тасымалы ұлғаюы мүмкін.
Мәжіліс «Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы» заңы жобасын қабылдады.
Заң жобасы 2022 жылғы 11 қарашада Самарқандта жасалған Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық аралас жүк тасымалы туралы келісімді ратификациялауға арналған.
Келісімнің мақсаты – Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы транзиттік көлік әлеуетін және сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамыту. Осы Келісім түркі мемлекеттері елдері арасында теміржол, су және автомобиль көлігі орындайтын жүктерді тасымалдау көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Енді Қазақстанның Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан елдерімен жүк тасымалы артады деп көзделіп отыр.
«Осы келісім әртүрлі көлік түрлерін пайдалана отырып, халықаралық жүк тасымалдарын жеңілдетуге, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы транзиттік және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше-мемлекеттер арасындағы жүк тасымалдау көлемі 35 млн тоннаны құрады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 20%-ға артық. Келісімді қабылдау Қазақстан арқылы транзиттік жүк тасымалдау көлемін одан әрі арттыру үшін алғышарттар жасап, елдің көліктік-транзиттік әлеуетін дамытуға оң әсер береді», — деді Көлік министрі Марат Қарабаев.
Ведомство басшысының сөзінше, келісімнің нормаларын іске асыру мақсатында Түркі елдері арасындағы тасымалдауды дамыту жөніндегі Бірлескен комитет құрылады.
Айта кету керек, осыған дейін Түркі елдері жеңілдетілген кеден дәлізін енгізіп, тауар айналымын арттыратынын жазған болатынбыз.