Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко «Қазақстан Республикасы — Еуропалық Одақ» Ынтымақтастық комитетінің (Комитет) 21-ші отырысына қатысты.
Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің Ресей, Шығыс серіктестігі, Орталық Азия және ЕҚЫҰ бойынша Басқарушы директорының орынбасары Люк Девинь Комитеттің еуропалық тараптан тең төрағасы болды. Іс-шараға қазақстандық министрліктер мен ведомстволардың өкілдері, сондай-ақ Еуропалық комиссияның түрлі бас директораттарының өкілдері қатысты.
Отырыс барысында ҚР мен ЕО және оның мүше-мемлекеттері арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің (КӘЫК), сондай-ақ Қазақстан Президенті Қ. Тоқаевтың 2021 жылғы 25-26 қарашадағы Брюссельге сапары барысында қол жеткізген уағдаластықтардың іске асырылуына егжей-тегжейлі шолу жасалды.
Күн тәртібінде саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастық, заң үстемдігі мен адам құқықтары, көлік, энергетика, білім, ғылым, қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруіне қарсы күрес салаларындағы өзара іс-қимыл болды.
Саяси ынтымақтастық аясында тараптар аса жоғары және жоғары деңгейдегі сапарлар өткізудің оң динамикасын атап өтті. Министрдің орынбасары Қазақстан ҚР мен ЕО арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі болып табылатын заң үстемдігі мен адам құқықтары мәселелеріне үлкен мән беретінін атап өтті. Осы тұрғыда ол еуропалық әріптестеріне Президент Қ.Тоқаевтың «Әділ Қазақстан» құру мақсатында елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси реформалары туралы егжей-тегжейлі баяндады. Еуропалық тарап ел басшылығының саяси жаңғырту бағытына қолдау білдіріп, осы мәселеде одан әрі қолдау көрсету ниетін хабарлады.
Осы тұрғыда Еуропалық әріптестер ҚР Парламентінің республикада бұқаралық ақпарат құралдарын одан әрі дамытуға және нығайтуға бағытталған «Масс-медиа туралы» заңның қабылдануын құптады.
Адам құқықтары мәселелері бойынша диалог саласында парламентаралық ынтымақтастықты жандандырудың маңыздылығы атап өтілді. Сондай-ақ, қазақстандық тараптың құқық қорғау органдары үшін түрлі тренингтер мен семинарларға қатысуға қызығушылығы туралы айтылды.
Отырыс барысында Қазақстан азаматтары үшін ЕО визалық режимін жеңілдету мәселесіне ерекше назар аударылды. Еліміздің ЕО мүше-мемлекеттерінің азаматтарына визасыз режим енгізу бойынша біржақты қадамдарын және ЕО елдеріне келетін қазақстандықтардың визалық ережелерді және жергілікті заңнаманы сақтайтынын атап өтіп, ҚР СІМ басшысының орынбасары қазақстандық қоғам шенген визасын алуды жеңілдететін қадамдарды күтетінін атап өтті және аталған мәселе жақын арада шешімін табады деген үмітін білдірді.
Р. Василенко Еуропалық одақ ҚР-ның негізгі сауда және инвестициялық серіктесі болып табылатынын атап өтті. ЕО үлесіне қазақстандық сыртқы сауданың және жалпы шетелдік инвестициялардың шамамен 30 пайызы тиесілі. Ол геосаяси сын-қатерлердің ықпалына қарамастан, экономикалық және сауда-инвестициялық саладағы оң динамиканы атап өтті.
Ол қазақстандық өнімдердің, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерінің ЕО елдеріне экспортын кеңейту арқылы сауда бағыттарын әртараптандыру қажеттігін атап өтті. Еуропалық тарап санкциялық шаралар Қазақстанға қарсы бағытталмағанын қайта хабарлады және қазақстандық өнімдердің еуропалық нарыққа кедергісіз жетуі мәселесінде ЕО-ның қолдау көрсететіні айтылды.
Қазақстандық тарап жасыл энергия саласындағы ынтымақтастықты жандандырудың маңыздылығына, «Еуропалық жасыл мәміле» бағдарламасы шеңберінде 2022 жылғы қарашада қол қойылған ҚР мен ЕО арасындағы шикізаттың, аккумуляторлық батареялардың және жасыл сутектің тұрақты құнын құру тізбегі саласындағы стратегиялық әріптестік туралы Меморандумды имплементациялау бойынша 2023-2024 жылдарға арналған Жол картасын іске асыруға назар аударды. Кездесулерде климаттың өзгеруіне қарсы күрес мәселелеріндегі өзара іс-қимыл, атап айтқанда, Қазақстан Үкіметінің 2060 жылы көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жоспары талқыланды.
Көлік мәселелерін талқылау барысында еуропалық тарап Еуропалық инвестициялық банктің және ЕО-ның басқа да қаржы институттарының ҚР мен өңірдің транзиттік-көлік саласын дамытуға, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан арқылы өтетін «Орталық Транскаспий көлік желісін», «Орта дәлізді» дамыту үшін инвестиция жасауға, сондай-ақ болашақта Қазақстан Республикасының көлік желісін Трансеуропалық көлік желісімен (TEN-T) ұштастыруға қызығушылығын растады.
ЕО-ның Орталық Азия бойынша стратегиясы мен «Жаһандық қақпа» (Global Gateway) стратегиясы шеңберінде Қазақстан мен ЕО-ның өзара іс-қимылы отырыстың маңызды тақырыбы болды.
Тараптар «Орталық Азия — ЕО» форматындағы ынтымақтастық деңгейіне оң баға беріп, 2023 жылғы 23 қазанда Люксембургте қабылданған «Орталық Азия мен ЕО арасындағы байланыстарды тереңдету жөніндегі бірлескен Жол картасын» сапалы имплементациялау және ағымдағы жылы бірқатар басқа да іс-шараларды дайындау барысын талқылады.
Өңірлік қауіпсіздік, тұрақты даму, қоршаған ортаны қорғау және азаматтық қоғамды дамыту мәселелері маңызды бағыттар ретінде белгіленді.
Жалпы, Комитет отырысы Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімді одан әрі іске асыру бойынша нақты қадамдар жасауға, сондай-ақ биыл ҚР мен Еуропалық Кеңесте төрағалық ететін Венгрия Сыртқы істер министрлері деңгейінде өтетін ҚР-ЕО ынтымақтастық кеңесінің 21-ші отырысына дайындық жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік берді.
Анықтама: Саяси конфигурациядағы ҚР-ЕО ынтымақтастық комитеті КСЫК аясындағы заң үстемдігі, тиімді басқару, адам құқықтарын қорғау және өзге де бағыттардағы ынтымақтастық барысына шолу жасауға мүмкіндік береді.