Қазақстан Сыртқы істер министрлігінде жаңадан тағайындалған Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі Елшісі Талғат Шалданбай мен Халықаралық азаматтық авиация ұйымы жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Тимур Тілегеновтың ант беру рәсімі өтті.
Іс-шараға сыртқы саяси ведомствосының басшылығы қатысты.
Ант қабылдау рәсімі саяси лауазымдарға алғаш рет тағайындалған қазақстандық мемлекеттік қызметшілерге арналған. Мұндай рәсім Қазақстан Республикасының шетелдегі елшілері мен басқа өкілдерінің қызметіне деген жауапкершілік пен адалдықтың жоғары деңгейін көрсетеді.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин Жапонияның Парламенттік Сыртқы істер вице-министрі Ёичи Фуказавамен келіссөздер өткізді.
Кездесу барысында Қазақстан-Жапония ынтымақтастығының өзекті мәселелері қозғалды. Тараптар 2024 жылғы 6 маусымда Астанада Жапония вице-министрінің қатысуымен өткен Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың 30 жылдығына арналған іс-шараның сәтті өткізілуін құптады.
Қазақстан мен Жапонияның осыған дейінгі аталған Орталықтың дамуына қосқан үлесі және алдағы өзара іс-қимылдардың жолдары талқыланды.
Сұхбаттастар ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы халықаралық қауіпсіздік мәселелері сияқты басым салалардағы өңірлік және халықаралық форматтағы өзара серіктестіктің бағыттарын қарастырды.
А.Рахметуллин Қазақстанның БҰҰ және МАГАТЭ сияқты көпжақты құрылымдар аясындағы үйлестіруді нығайтуға мүдделі екеніне назар ауадарды.
Ё.Фуказава осы салалардағы оң әлеуетті ескере отырып, елдер арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынастарды нығайту мүмкіндігін атап өтті.
БҰҰ институттары мен басқа да халықаралық ұйымдар аясындағы өзара қолдауларға ерекше назар аударылды.
Кездесу соңында тараптар екі елдің сыртқы істер министрліктері деңгейінде диалогты жалғастыруға келісті.
Халықаралық ғылыми-техникалық орталық – 1992 жылы құрылған үкіметаралық ұйым. Орталықтың бас кеңсесі Астана қаласында орналасқан. Ұйымның негізгі қызметі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жобаларды басқару болып табылады.