Екіжақты тактикалық-арнайы оқу-жаттығулар Қазақстан мен Тәжікстан Қарулы күштері әскери қызметшілерінің қатысуымен өтіп жатыр. Іс-қимылдар «Магоб» оқу орталығында ұйымдастырылды.
Қазақстан Десанттық-шабуылдау әскерлері мен қабылдаушы тараптың арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің әскери қызметшілері таулы жерлерде оқу-жауынгерлік міндеттер кешенін пысықтайды.
«Бірлескен оқу-жаттығуды өткізу туралы шешім осы жылдың сәуір айында Душанбеде өткен штабтық келіссөздерде қабылданған еді. Кездесуде тараптар Орталық Азия өңіріндегі террористік және діни-экстремистік ұйымдардың қызметіне байланысты әскери-саяси жағдайды, қауіп-қатерлер мен сын-тегеуріндерді талқылады. Осыған сәйкес оқу-жаттығудың мазмұны әзірленіп, таулы жерде ұрыс жүргізу тәсілдері моделденді», деп мәлімдеді ҚР Қорғаныс министрілігінің өкілдері.
Оқу-жаттығуларды өткізу мақсаты — бөлімшелердің далалық дағдыларын жетілдіру, таулы жерде арнайы іс-шараларды орындау кезінде командирлердің бөлімшелерді басқаруда тәжірибе алуы, сондай-ақ екі ел Қарулы күштерінің бөлімшелері арасындағы өзара іс-қимыл мен тәжірибе алмасу.
Айта кетейік, оқу-жаттығу 9 маусымға дейін өтеді.Оқу-жаттығу Душанбе қаласына жақын теңіз деңгейінен 1600 метр биіктікте орналасқан Рамит шатқалындағы «Магоб» оқу орталығында өту үстінде. Біздің әскери қызметшілер әрекет етуі тиіс ең жоғары нүкте 2100 метрден асады.
Оқу-жаттығуға қатысушылар базалық лагерьге көтеріліп, түсу және оны жабдықтау тапсырмаларын орындады. Олар тау дайындығына қажетті жабдықтардың көмегімен тау өзені арқылы өтуді ұйымдастырып, «жараланған» әскери қызметшіге алғашқы көмек көрсетіп, оны тау басынан алдын ала белгіленген жерге тасымалдады.
Оқу орындарында таулы жерлердегі нысанды іздеу мен торуылдауды ұйымдастыру бойынша сабақтар өтті. Қазақстандық десантшылар екі автокөлікпен жүрген қарулы адамдар тобын залалсыздандырды. Сонымен бірге барлау жүргізіп, таулы жерде орналасқан заңсыз қарулы құралымдардың лагерін тауып, көзін жойды.
Естеріңізге сала кетейік, 4 маусымда Алматы десанттық-шабуылдау бригадасы Альпі бөлімшесінің әскери қызметшілері штаб бастығы подполковник Асылхан Мұқышевтің басшылығымен «Ирбис-2024» екіжақты тактикалық-арнайы оқу-жаттығуына қатысу үшін Тәжікстанға аттанған болатын.
Еліміздегі альпілік роталар биылғы жылдың басында Десанттық-шабуылдау әскерлерінде құрылған. Арнайы курстар барысында әскери қызметшілер тиісті даярлықтан өтті және альпинистік разрядтарға ие болды.