Мемлекет басшысы Doosan Group компаниясының төрағасы Чжеонг Вон Пак пен Doosan Enerbility басқарма төрағасының орынбасары Ён Ин Чонгті қабылдады.
Кездесу басында Президент су тасқыны кезінде елімізге көрсеткен көмегі үшін корей компаниясына алғыс білдірді. Мемлекет басшысының айтуынша, осындай қиын-қыстау жағдайда кәсіпкерлердің халықты қолдауы олардың әлеуметтік жауапкершілік деңгейі жоғары екенін көрсетті.
Мемлекет басшысына Түркістан облысында қуаты 1 ГВт болатын бу-газ электр станциясын салу жобасының жүзеге асырылу барысы, сондай-ақ компанияның Атырау облысында «Қарабатан» газ турбиналы электр станциясын кеңейтуге қатысу перспективалары туралы мәлімет берілді.
Doosan Enerbility компаниясы Doosan Group құрамына кіреді. Бұл кәсіпорын атом электр станцияларын салуға, жылу электр станцияларын, турбиналар мен генераторлар, су тұшытатын қондырғылар өндіруге маманданған. Компанияда 5 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. 2023 жылы өнім сату көлемі 17,5 миллиард долларды құрады.Қазақстан энергияның дәстүрлі көздерін дамытуға мүдделі. Корея Түркістан мен Атырау облыстарында газ электр стансасын салады. Президент «жасыл» энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығы артып келе жатқанын айтты.
– Оңтүстік Корея компанияларымен осы бағытта тәжірибе алмасудан бастап, нақты жобаларды жүзеге асыруға және технологиялар трансфертіне дейінгі ықпалдастықты жүйелі түрде жандандырамыз деп үміттенеміз. Бұдан бөлек, біз дәстүрлі қуат көздерін де дамытуға мүдделіміз. Сондықтан Doosan Enerbility компаниясының Түркістан мен Атырау облыстарында газ электр станцияларын салу жоспарын құптаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапур компанияларымен бірлесе жүзеге асырылатын «Alatau City» жобасына кореялық инвесторлар мен девелоперлерді де белсенді атсалысуға шақырды.