Корея компаниялары Қазақстанның негізгі ұлттық жобаларын жүзеге асыруға қатысқысы келеді. Бұл туралы Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Оңтүстік Корея Президенті Юн Сок Ёльмен айтты.
«Үлкен Алматы айналма жолы мен Шымкент жылу электр орталығын салу жобаларының арқасында екіжақты ынтымақтастық табысты жүзеге асырылды деген ортақ пікірге келдік. Осындай табысты мысалдардың негізінде біз энергетика және инфрақұрылымдарды кеңейту салаларында жаңа жобалар іздеу үшін одан ары ынтымақтасуға уағдаластық. Осыған орай мен Қазақстан Президентіне компанияларымыздың Қазақстанның негізгі ұлттық жобаларын, оның ішінде газ өңдеу зауыттарын салу жобаларын іске асыруға қатысып, өз үлестерін қосуы үшін назар аударуын өтіндім», — деді Корея Президенті.
Юн Сок Ёль Қазақстан Президентімен келіссөздер барысында Солтүстік Кореяның ядролық қару проблемасы да талқыға түскенін атап өтті.
«Екі ел де Солтүстік Кореяның ядролық және зымыран техникасын заңсыз әзірлеуін ерекше айыптады және Солтүстік Кореяны заңсыз қаржыландыруды бұғаттау бойынша халықаралық қоғамдастықтың ынтымақтастығына қатыса беруге келісті», — деді ол. Қазақстан литий өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты.
«Корея Қазақстанның инвестиция бойынша ең үлкен 5 серіктесінің бірі саналады. Қазіргі таңда КІА зауыты салынуда. Оны келесі жылы ашамыз. Бұл — өнеркәсіпке байланысты бірінші мәселе. Екіншіден, бүгінде Корей геологиялық-геофизикалық және минералды ресурстар институты Қазақстанда сирек металдарға – литийге геологиялық барлау жүргізіп жатыр. Осыған орай бүгін келісімшартқа қол қоямыз. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін елімізде литий өндіруге мүмкіндік болады. Қазіргі таңда мұндай өндіріс елімізде жоқ», — деді министр бүгін Ақордада.
Министрдің нақтылауынша, кореялық институт еліміздің Шығыс Қазақстан облысында литий кен орнына барлау жүргізіп жатыр. Аталған металдан көліктерге арналған батареялар шығарылады.
Айта кетейік, бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстанға үшкүндік мемлекеттік сапармен келген Оңтүстік Корея Президенті Юн Сок Ёль арасында келіссөздер өтеді.