Қазақстан мен Корея арасындағы қарым-қатынас тың серпінмен әрі қарқынды дамып келеді. Бұл туралы Ақордада елімізге үшкүндік мемлекеттік сапармен келген Оңтүстік Корея Президенті Юн Сок Ёльмен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Бұл – сіздің Қазақстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапарыңыз. Мұны тарихи оқиға деп бағалаймыз. Біз Оңтүстік Кореяның экономикалық жетістіктеріне және корей халқының мәдениеті мен дәстүріне ерекше қызығушылықпен қараймыз. Қазіргі таңда елдеріміз арасындағы қарым-қатынас тың серпінмен әрі қарқынды дамып келеді деп нық сеніммен айтуға болады. Біз өзара қарым-қатынаста ұлттық мүдделерімізді құрметтейміз. Соның арқасында ынтымақтастықтың тиімді үлгісін қалыптастырдық. Бүгін қол қойылатын бірқатар құжат пен бірлескен мәлімдеме соның айқын дәлелі. Бүгінгі келіссөздер қазақ-корей ықпалдастығының аясын кеңейтіп, екіжақты байланысты жаңа белеске көтереді деп сенемін. Бүгінгі оқиғаны мемлекеттеріміз арасындағы айрықша сенімді қарым-қатынастың белгілі ретінде бағалаймын», — деп атап өтті Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Корей Президентінің сапары екі елдің достық пен өзара қолдауға негізделген серіктестігін нығайтудың жақсы мүмкіндігі екендігін баса айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Корей бизнес форумында оңтүстіккореялық инвесторлар мен девелопер компанияларды «Алатау City» ақылды қала» жобасына атсалысуға шақырды.
«Қалаларды дамыту және адам өміріне жайлы жағдай жасау саласындағы ықпалдастықты күшейту қажет. Біз Сингапур компанияларымен серіктесе отырып аумағы арнайы экономикалық аймаққа жатқызылған Alatau City атты жаңа „ақылды қала“ салуға кірістік», — деді Президент.
Мемлекет басшысы бұл шаһарды тек Қазақстан үшін ғана емес, тұтас Орталық Азия үшін жетекші халықаралық хабқа айналдыру жоспарланғанын еске салды.
«Оңтүстік Корея инвесторлары мен девелопер компаниялар осы бастамаға белсенді үлес қосады деп үміттенеміз», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.