Білім басқармасына қарасты А.Асқаров атындағы №77 мектеп-лицейінің 9 сынып оқушысы Төлебай Тоғжан Ақтау қаласында өткен самбодан жасөспірімдер арасындағы ҚР Чемпионатында Азия чемпионы атанып, 1 орынға ие болды. 27 мемлекеттен 500 спортшы қатысқан байрақты бәсекеде жеңіске жеткен жас спортшының осыған дейінгі жетістіктері де жетерлік.
Екі жыл бұрын ҚР Тәуелсіздігі мерекесіне орай Дзюдо күресінен «Отырар» спорт клубының ашық біріншілігінде 1-орын алғаны үшін марапатталған. Ал былтырғы жылы Төлебай Тоғжан «Antalya Natik Canca International Training Camp and Judo Tournaments» турнирінде 1-орын алып, қаламыздың абыройын асқақтатты. Жуырда ғана өткен Дзюдо күресінен Кеңес Одағының батыры Е.Молдабаевты еске алуға арналған жасөспірімдер арасында өткен «Мини-Татами» республикалық ашық турнирінде 1-орынды иеленді.

13 мамыр күні Ақтау қаласы «Халық арена» спорт кешенінде алғаш рет спорттық және жауынгерлік самбодан жасөспірімдер, жастар, кадеттер және шеберлер арасында Азия және Океания чемпионаты басталған еді.
-Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Ақтау қаласы аумағында туризмді дамыту экономикамызды ілгерілетудің басым бағытына айналды. 2023 жылдың қаңтар-желтоқсан айларының қорытындысы бойынша қонақ үйлер қызмет көрсеткен келушілер саны 346 228 адамды құрады. (2022 жылдың қаңтар–желтоқсан айларына келушілер саны – 278 783 адам, өсім 24%.) Қызмет көрсетілген туристердің 306 599-і қазақстандық болса, ал 39 629 адам — шетелден келді. Былтыр оқушылар арасында шахматтан әлем чемпионатында 53 елден 400-ге жуық оқушы қатысты. Осы жылы қаламызда өтетін үлкен шараның бірі — самбодан Азия және Океания чемпионаты болып отыр. Өткелі жатқан чемпионат самбо спорт түрін дамытуға үлкен септігін тигізеді деген ойдамын. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін!, — деген еді Ұлықбек Тналиев.




