Жедел ішек инфекциялары – бұл бактериялар, вирустар, қарапайымдылар тудыратын және балалар мен ересек адамдарда ішек қызметінің бұзылуымен (диарея) сипатталатын жұқпалы ауру. Бұл әлемде ең көп таралған инфекциялардың қатарына жатады. Барлық ересектердің, әсіресе, балалардың дизентериямен, сальмонеллезбен, колиэнтеритпен және басқа да жедел ішек инфекцияларымен ауырмаған бірде бір ел жоқ. ДДҰ (дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының) мәліметтері бойынша жылына ішек инфекцияларынан емізулі жастағы 3 миллионға жуық бала қайтыс болады.
Жұқпалы жедел ішек ауруларының бас көтеретін мезгілі қазіргідей жаз айлары болып есептеледі. Ішектің ауруға шалдығуынан, кейде іштің бұзылуы организмінің кейбір тағамдарды қорыта алмауымен байланысты. Ішек инфекциясы- жұқпалы ауру. Инфекция ауыз арқылы жұғып, қоздырғышы ішекте өсіп жетіледі де, микробтары нәжіспен ілесіп сыртқы ортаға тарайды.
Инфекция гигиеналық тазалықтың төмен дәрежеде болуынан, азық-түліктерден, мәселен, жуылмаған көкөністерден, пісірілмеген сүттен, сапасыз тағамдарды пайдаланғаннан, шала пісірілген тағамдарды қолдану, сондай-ақ, ауыз суды қайнатпай ішкендіктен, лас суға түскендіктен жұғады. Жаз айларында инфекцияны көп жағдайда шыбындар таратады.
Аурудың алғашқы белгілері:
Іштің жиі-жиі судай өтуі, дене қызуының көтерілуі, емшектен бас тарту, асқа тәбеті болмау, шөлдеу, құсу, бас ауру, жалпы әлсіздік, селқостық, мазасыздық, ауырсыну, дәретіне қан қоспасының немесе кілегейдің пайда болуы. Науқаста қайталамалы құсық, іш өткен сайын баланың жағдайы ауырлай түседі. Өйткені, организм өзіндегі тіршілікке қажетті су мен тұздарды көп жоғалтады. Жоғарыдағы аталған клиникалық белгілер пайда бола бастаса дәрігерге көрінуі керек. Мұндай кезде дәрігер келгенше немесе жеткенге дейін біраз уақыт кетеді. Сондықтан мүмкіндігінше ем жасай бастаған жөн. Ол үшін сұйықтықты мол, көбірек ішкізген жөн. Өздігінше емделу аурудың асқынуына әкеліп соғуы немесе созылмалы формаларына ұласуы мүмкін. Антибиотик қабылдау сырқаттың клиникалық сипатын өзгертеді, мұның өзі дұрыс диагноз қоюды қиындатады.
Емі:
Жоғалған сұйықтықтың орнын толтыру үшін қолданады: емшек сүті, айран, ұнтақтал-ған жемістер, сорпа, күріш суы, сұйық шай, кисель, қайнатылған және салқындатылған су, ауыз арқылы ішетін тұзды-минеральды су ерітіндісі. Рационнан ішекте ашитын немесе асқазан- ішек жолын тітіркендіретін азықтар (сүт, кепкен, қуырылған тағамдар, майлы, ащы тағамдар) шығарылып тасталады.
Оральды-регидратациялы ерітінді қолданған жөн. Ұнтақтың 1 пакеті қайнатылып, бөлме температурасында суытылған 1 литр суға дайындайды. Дайын ерітіндіні балаға әрбір 3-5 минут сайын 1 шай қасықпен беру керек. Егер құспаса, аз-аздан жиі ішкізуге болады. Ерітінді әрбір күнге жаңадан езіліп беріледі. Осы айтылғандарды мұқият орындасаңыз, балаңыздың іш өтуі тиылуы мүмкін. Егер осы айтылғандардан нәтиже болмаса, жиі сұйық нәжіс, қайталамалы құсу, қызба, шөлдеу, егер сұйық ішпесе, тамақтан бас тартса, онда ауруханаға жатқызылуы тиіс.
Алдын алу шаралары:
Ішек инфекциялары бұрынғы заманнан бері кір қолдың ауруы деп аталып келіп, онымен салақ адамдардың жиірек ауыратындығы дәлелденген. Шынында біз күн сайын күні бойына қолымызбен айналадағы кір заттармен жанасамыз, айтар болсақ, қоғамдық көліктерде тепе-теңдікті сақтау үшін тұтқаны ұстаймыз, неше түрлі адамдар ұстаған қоғамдық мекемелердің есік тұтқасын ұстаймыз, дүкендерде сауда жасағанда сатушымен, көліктерде кондуктормен есеп айырысамыз, ақша санасамыз, таныстарды көргенде қол беріп амандасамыз. Осыдан келіп, «жұмыстан, серуендеуден үйге келгенде, тамақ дайындаудың, ішердің алдында, сондай-ақ балалармен ойнарда және оларға күтім жасағанда қолыңызды сабындап мұқият жуыңыз» деген қарапайым ережелер туындайды. Осындай қарапайым ережемен Сіз өзіңізді де және отбасы мүшелерін де әртүрлі инфекциялардан қорғай аласыз.
Ішек инфекцияларының пайда болуының алдын алу үшін тағамдық азық-түліктердің жарамдылық сапасы өте маңызды – көптеген тағамдарда бактериялар тек қана өміршеңдігін сақтап қана қоймай, олар ауру тудырушы қасиетімен адамның қолымен тағамды ауызына апарғанда асқазан-ішек жолына кір қолы арқылы, ластанған су арқылы, сапасыз азық-түліктер арқылы түсіп қарқынды түрде көбейеді.
Әсіресе, тұтынар алдында термиялық өңдеуден өтілмейтін тағамдар өте қауіпті. Ондай тағамдарға салаттар, винегреттер, сондай-ақ жемістер мен жидектер жатады. Салаттар мен винегреттерді, әртүрлі тұздықтар мен гарнирлерді тоңазытқышсыз түнге қалдыруға болмайды. Жаз және күз маусымында сүт және сүт өнімдерінде бактериялардың көбеюіне қолайлы жағдайлардың туындайтынын білу керек. Жеке адамдардан сатып алған құйылып сатылатын сүтті міндетті түрде қайнату керек. Ал пастерленген ірімшіктен пісірмелер, пудингтер, сырниктер дайындаған дұрыс. Дайын тағам қалдықтарын міндетті түрде тоңазытқышта беті жабық ыдыста, шикі мен дайын тағамды бөлек ыдыста сақтау керек, оларды бөлек тақтайларда арнайы пышақтармен бөлу керек. Құс еті мен жұмыртқаны сатып алғанда, олар қорапта болса да, бөлек пакеттерге салу керек. Өнімдердің жақсылап қуырылуы мен қайнатылуына көңіл бөліңіз. Сол үшін «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөздер әрқашан да өз маңызын жоймайды.
ҚР ДСМ СЭБК Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы орынбасары Искаков Аскар Бекболатұлы