Сарып (Бруцеллёз) — Brucella бактериясымен қоздырылатын, зооноздар тобына жататын, жедел және созылмалы түрлерінде өтетін инфекциялық-аллергиялық ауру. Сарып кең таралған аса қауіпті инфекция. Бұл инфекция әсіресе мал шаруашылығы дамыған аймақтарда көптеп кездеседі. Бруцеллезбен барлық ауыл шаруашылық және үй жануарлары ауырады.
Аурудың негізгі көзі – жануарлар, яғни ешкі мен қой, ірі қара мал, шошқа болып табылады. Сарып ауруы адамға көбінесе жанасу мен алиментарлы жолдар арқылы жұғады. Сондықтан тұрғындар ауру малды төлдету, қойдың жүнін қырқып, одан өнім алу кезінде аса сақ болғандары жөн. Төлдеп жатқан малдың жанына арнайы киімсіз, резеңке қолғапсыз баруға болмайды. Өйткені бруцелла бацилласы малдың қағанақ суында көп шоғырланады. Сарып ауруының аурушаңдылығы көктем-жаз айларына қарай көтеріле бастайды. Себебі бұл кезде сарып ауруы адамға тамақ арқылы жұғады. Яғни шикі және термикалық өңдеуден шала өткен малшаруашылық өнімдерін (сүт, әсіресе ешкі сүті, сүт өнімдері — қаймақ, ірімшік, уыз, шашлык, стейк, т.б.) қолданғаннан болады. Атап айтқанда, сүтте, қаймақта, сары майда, ірімшікте бруцеллалар қалыпты температурада 16-20 күн, сүт қышқыл өнімдерінде (простокваша, сүзбе) – 2 күн, ал төмен температурада (тоңазытқышта) – 18-20 күн, әлсіз тұздалған (10%) және әлсіз қышқыл уызда – 72 күн сақталуы мүмкін. Бруцеллалардың сүтте, әсіресе ешкі сүтінде ұзақ сақталуы оның эпидемиологиялық ролін анықтайды. Етте және ет фаршында бруцеллалар сақталу температурасына және құрамындағы тұздың деңгейіне байланысты 14 күннен 40 күнге дейін тіршілік етеді. Бұл фактор ет өңдеу өндірістердің жұмысшыларына және тутынушыларда үлкен маңызға ие.
Аурудың клиникалық белгілері біртіндеп басталады. Науқаста дене қызуы көтеріліп, қалтырау мен тершеңдік байқалады. Әсіресе, науқастың дене қызуы кешкілік мезгілде көтеріледі. Науқастың жалпы жағдайы қанағатты болады да, дәрігерлерге қаралмай жүре береді. Бірақ, бұл жағдай ұзаққа созылып (бірнеше аптадан 3 айға дейін), науқас дене салмағын жоғалтады. Негізінен буындар ауырып, бұлшық еттер мен жүйке жүйелері зақымданады. Жыныс мүшелеріне әсер еткен жағдайда ерлерде орхитке, әйелдерде түсік тастауға, жатырдың қабынуына, мастит ауруларына әкеліп соқтырады. Ал балалар мен жасөспірімдерді белсіздік ауруымен зақымдауы мүмкін. Сондықтан дер кезінде дәрігерге қаралмаған жағдайда бруцеллез асқынып, мүгедектікке әкеліп соқ¬тырады.
Аурудан сақтану жолдары:
Ең алдымен ауру малдың көзін тез арада жою қажет.
Малды төлдету кезінде сақтық үшін арнайы қолғап, аяқ киім киген дұрыс, қолды сабынмен екі қайтара жуып, залалсыздандыру керек.
Сапалы өңдеуден өткен ет, сүт өнімдерін тұтыну қажет.
Ауладағы малдың арасында түсік тастау, өлі туу жағдайында дереу мал дәрігеріне хабарлау керек.
ҚР ДСМ СЭБК Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы орынбасары Елемесов Бахтыораз Мизамұлы