Оба – карантиндік инфекция тобындағы табиғи ошақты, аса қауіпті жедел жұқпалы ауру. Обаның қоздырғышы — энтеробактерия тұқымдасына жататын қозғалмайтын терісграммды Yersinia pestis бактериясы. Обамен қасқырлар, түлкілер, мысықтар, борсықтар және басқа да жануарлар ауруы мүмкін. Бірақ та жиі инфекцияның табиғаттағы басты көзі кеміргіштер мен қоянтүстілер деп қарастырылады.
Қоздырғыштың берілу жолдары:
1.Трансмиссивтік (адамға кеміргіштерден жұқтырған бүргенің шағуы арқылы);
2.Қарым-қатынасты (ауру жануармен тікелей қатынас арқылы);
3.Алиментарлы (обамен ауырған жануарлардың етін тамаққа термиялық өңдеусіз қолдану);
4.Ауа-тамшылары арқылы.
Инфекцияның ену жолына байланысты, оба келесі түрлерге бөлінеді:
-Бубонды түрі– көп тараған түрі. Оба таяқшаларына тері мен шырышты қабықтардың кедергі функциясы әлсіз болып келеді. Обаның қоздырғышы адам ағзасына тістеген жерінде еніп, лимфа жүйелері арқылы қозғала отырып, жақын арадағы лимфа түйіндерінде көбейе бастайды. Лимфа түйіні қабынып, ісініп ауырсыну сезімін тудырады. Мұндай лимфа түйіндер «бубон» деп аталады.
-Өкпелі түрі– көбіне аурудың ең жұқпалы түрі. Өкпелі обаның түрімен ауырған науқас инфекцияның белсенді жұқтырушы көзі болып табылады, айналасындарға оны ауа тамшылары арқылы жұқтырып отыруы мүмкін.
-Септикалық түрі – қоздырғыш қан ағымына түскен жағдайда дамып, белсенді түрде көбейеді. Лимфа түйіндерінің кедергі функцияларының әлсіздігінен обаның алғашқы септикалық түрінің дамуына әкеліп соқтырады.
Ауру белгілері – инкубациялық кезең әдетте 3-7 күн, ауру жұқтырған адамдарда әдетте тұмауға ұқсас ауру белгілері дене қызуының көтерілуі, қалтырау, бас ауруы пайда болады. Пациенттердің көбісі бұлшықет ауруын, әлсіздік, жүрек айнуын, құсу және бас айналуын сезінеді. Кейінірек жүйке жүйесінің бұзылуы пайда болуы мүмкін, науқастар мазасыздана түседі, жүрісі шайқаланады, сандырақтау, сананың бұзылуы, галлюцинациялар пайда болады. Кейде керісінше апатия мен летаргия, науқас әлсіздіктен төсегінен тұра алмайтындай жағдайларды көрсетеді. Беттері қызарады және ісінеді, тілі мөлшерінен үлкейеді. Жүрек-тамыр жеткіліксіздігі тез арта бастайды. Ауыр жағдайларда теріде геморрагиялық бөртпелер пайда болады. Сондай ақ аритмия, тахикардия байқалып қан қысымы бірте-бірте төмендейді. Бубонды обаның негізгі белгісі кенеттен ауыратын, қатты, маңындағы теріасты клеткалармен шиленіскен бубон болып есептеледі.
Обаның тері-бубонды түрі некроздых жаралар, фурункулдар және геморрагиялық карбункул түріндегі өзгерістермен сипатталады. Оба кезінде жаралар тыртық қалдыра отырып баяу жазылады.
Өкпелі түрі кезінде кеуде тұсының ауыруы, ентікпе,
сананың қысылуы,сандырақтауы байқалады. Ауру басталғаннан бастап жөтел пайда болып, жиі қақырығында қан аралас болады. Өкпелі оба бірнеше сағаттық, ары кетсе 2 тәуліктік қысқа инкубациялық кезеңімен ерекшеленеді.
Обаның септикалық түрі қан қысымының кенетте төмендеуімен, терінің шырышты қабаттарына, ішкі органдарға қан кетумен сипатталады. Қысқа мерзімде тіндердің некрозы мен инфекциялық- токсикалық шок дамиды.
Оба ауруының белгілері пайда болғанда тез арада инфекционист-дәрігерге қаралған абзал. Науқас тез арада жатқызылып, оқшауланады.
Обаның қандайда болса түрімен ауырған науқастар стационардан тек толық клиникалық сауығудан соң және бактериологиялық зерттеулердің теріс қорытындысынан соң ғана шығарылады
Нышанов Нұрбек Садықбекұлы
ҚР ДСМ СЭБК Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы