Шымкент қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тірегіміз – тәуелсіздік, байлығымз – бірлік, мақсатымыз – өрлеу» атты V сессиясы өтті. Жиынға ҚХА Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, қалалық ҚХА мүшелері, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Елімізде жүргізіліп жатқан мемлекеттік этносаясаттың нәтижесінде қоғамда тұрақтылық пен этносаралық татулық берік орныққан. Бүгінде еліміз Әділетті Қазақстанды құрудың практикалық кезеңіне қадам басып, қоғамда бірлік, ынтымақ, еңбекқорлық, адалдық, қарапайымдылық сынды жаңа құндылықтарды алғашқы орынға шығарды.
Қала әкімі қоғамда тұрақтылық пен этносаралық татулықты сақтаудағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына тоқталды. Бүгінде қалалық ҚХА алдында сан қырлы міндеттер тұр. Ғабит Әбдімәжитұлы су тасқыны орын алған өңірлерге этномәдени бірлестіктер белсенді үлес қосқанын, жалпы 120 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберілгенін мәлімдеді.
Марат Әзілханов Шымкент қаласында ҚХА қоғамда бірлік пен келісімді бекемдеп келе жатқан іргелі ұйым екенін атап өтіп, жұмысты одан әрі жалғастыру керек екенін айтты.
–Қалада этносаралық жағдай тұрақты. Этномәдени бірлестіктер тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылуда. Барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Биылғы 33-ші сессияда алда атқарылар жұмыстар айқындалды. Ендігі кезекте жұмыстарымызды басты ұлттық құндылықтар аясында топтастыру керек. Атап айтқанда, тәуелсіздік пен патриотизм, бірлік пен ынтымақ, әділеттілік пен жауапкершілік аясында жұмыстар жаңаша серпін алу керек. Жас ұрпақты тәрбиелеуде нақты жобалар әзірленуі тиіс. Келесі жылы Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл толады. Осыған орай өңірлік іс-шаралар жоспарын дайындау назарда тұр. Шымкент қаласында этномедиация жұмысы да жақсы жолға қойылған. Достық үйі белсенді жұмыс атқаруда. Енді осы жұмыстарды одан әрі қарқынды жалғастыруға тілектеспін, – деді Марат Алмасұлы.
Сессия отырысында Тәшенов атындағы университеттің проректоры Ғалымжан Битұрсын, Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов ойларын қосып, ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ, жиында бірқатар азаматтар Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хатымен марапатталды.
Айта кетсек, бүгінде қалада 17 этномәдени бірлестік пен ҚХА жанындағы қоғамдық негізде әрекет ететін 7 құрылым жұмыс істейді. 2023 жылы этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылым мүшелері тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыру, туындаған мәселелер бойынша ахуалды реттеу, этномедиацияның әлеуетін пайдалану және жалпыұлттық бірлікті көздейтін 100-ден астам ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына атсалысты.