М.Әуезов атындағы ОҚУ Мәдениет және өнер факультеті Бейнелеу өнері және дизайн кафедрасының студенттері «Сымбат» дизайн және технология институтының ұйымдастыруымен Алматы қаласында өткен байқауға қатысты. Қыздардың шығармашылық жұмысы «Шексіз шабыт: ұлттық және заманауи стиль үйлесімі» тақырыбында ұйымдастырылған «Creative world» V халықаралық байқауында І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Қазақтың ұлттық киім элементтері, шамамен 600 жыл бұрын пайда бола бастаған. Киімді безендіру үшін ерекше кесте, өрім, жиек және басқа элементтер қолданылды. Халық ою-өрнек адамды зұлым күштер мен жағымсыз ойлардан қорғайтын күшті тұмар ретінде әрекет етеді деп сенген. Қазақтар киімді бағалы өрнектермен безендіруге аянбаған, күнделікті киімдердің салтанатты киімдерден еш айырмашылығы болмаған.
Байқауға студенттер – Ә.Ермахан, Б.Мәдібекова, Д.Алпамыс, А.Абденова, Ұ.Абдуллаева магистр-оқытушылар Ғазиза Мұратбаева мен Сымбат Нуридиннің жетекшілігімен қатысып, жүлделі орынға ие болды. Онда «Маусымдық және түрлі бағыттағы сәнді киім топтамалары» аталымы бойынша қатысушылар жылдың әр маусымына түрлі бағыт бойынша (ерлер, әйелдер, балалар, жасөспірімдер және т.б.) сұраныс талаптарына сәйкес келетін сәнді киім топтамаларын ұсынды. Сәнгерлер ұсынған топтамалар нақты тақырыптарға, стильдерге және тұжырымдамаларға негізделген. Алайда, инновациялық және бірегей туындыларға басымдық берілді. Қатысушылар түрлі дизайнды және материалдарды қолданғандарын көрсетіп, өз коллекцияларынан бірнеше модельдер ұсынды.
Ал, «Сән әлеміндегі инновациялық материалдар» аталымы бойынша сән индустриясында қолдануға болатын инновациялық материалдарды зерделеп, ұсыну талап етілді. Сонымен қатар, материалдардың экологиялық тұрақты, технологиялық жағынан жетілдірілген болуы да ескерілді. Қатысушылар киім немесе аксессуарлар дизайнында инновациялық материалдарды қалай қолдануға болатынын көрсетіп, олардың артықшылықтарын және сән индустриясындағы басымдығын айқындап, олардың ықтимал ықпалын түсіндірді.
Жұмыстарды бағалау барысында идея жаңашылдығы, сапасы, техникалық тұрғыдан мұқият әзірленгені, эстетикалық сауаттылық және коммерциялық әлеуеті ескерілді.
Университет студенттері бұған дейін еліміздің 8 қаласында өткен «Ұлттық киім – ұлт ажары» ҚР чемпионатына да қатысты. Онда ұлттық нақыштағы жүздеген киім үлгісі көрсетілді. Байқау биыл алғаш рет қашықтан емес, дәстүрлі түрде ұйымдастырылып, «Ұлттық сезім» атауымен Шымкент қаласында өтті. «Ulttyk sezim» байқауына Бейнелеу өнері және дизайн кафедрасының 3 курс студенттері – Е.Абдумутәлі, Б.Мұхидинова қатысып, жүлделі 3 орын иеленді.
Жастарға ұлттық құндылығымызды, ата-бабамыздан мұра болған өнерді үйретіп, насихаттау – ұстаздың міндеті. Ұстаз ретінде шәкірттерімізді бәйгеге қосып, еңбектің жемісін көру – ұстаз үшін мәртебе. Ұлттық киімді жобалап, тігу барысында шыдамдылық пен шабыт керек. Сол үшін көп еңбектеніп, жарыққа шығарып көрсету арқылы көрмеде, байқауда студенттеріміз өзінің өскенін дәлелдейді.