Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай Қатар Мемлекетінің Елшісі Әбделазиз бен Сұлтан Әл-Румехиді қабылдады.
Сұхбат барысында Қ.Омаров қатарлық дипломатқа екі ел арасындағы өзара тиімді серіктестікті одан әрі нығайтуға күш салғаны үшін алғыс білдірді. Соңғы жылдары Астана мен Доха арасындағы қол жеткізілген саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың жоғары деңгейін ерекше атап өтті.
Кездесу соңында Қазақстан Республикасы мен Қатар Мемлекеті арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға сіңірген зор еңбегі үшін Қатар Елшісі Ә.Аль-Румейхи жоғары мемлекеттік награда – ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.
Былтыр, Түркістан облысынан облыс әкімі Дархан Сатыбалды, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов және «Қайып ата» ЖШС-нің бас директоры Сырым Ертаев Қатар елінде болды.
Сапардың мақсаты – мал өсіруден бастап мал биржасында сатуға дейінгі барлық кезең бойынша мал шаруашылығының ғылыми-практикалық базасымен және өндіріс технологияларымен танысу.
Іссапар барысында облыстық делегация Қатар елінің ет өнімдерін дайындау және экспортаумен айналысатын ең ірі «Widam Food Company», «KOWKABET ALSHARQ» компанияларының басшыларымен кездесті.
«Widam Food Company QSC» – Қатардағы ең ірі мал жеткізушісі және балғын, салқындатылған және мұздатылған ет өндірушісі. Қатар нарығына тек ең балғын, ең сапалы ет жеткізуші. Осыған дейін Қатардағы ет жеткізу тізбегі дұрыс әртараптандырылмағандықтан, бұл азық-түлік қауіпсіздігіндегі ықтимал қауіптерге әкелді. Бүгінгі таңда компания ауыл шаруашылығына инвестиция салу, жергілікті өндірісті қолдау және стратегиялық халықаралық серіктестік арқылы әлемнің түкпір-түкпірінен жоғары сапалы ет жеткізуді қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Компания 2004 жылы қарапайым мақсатпен жұмысын бастаған. «Widam Food Company» компаниясының бас атқарушы директоры Әл Ноубай Әл Марридің айтуынша, жақын арада компания өз қызметін Парсы шығанағы нарығына кеңейтуді жоспарлауда.
«KOWKABET ALSHARQ» серіктестігі – Таяу Шығыс елдеріндегі бөлшек сауда орындарына ет (қой етін) жеткізуші. Бүгінгі таңда «Түркістан ет комбинаты» ЖШС мен «KOWKABET ALSHARQ» серіктестігімен қой етін шетелге экспорттау бойынша келісімшарт жасау жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, жылына 15 мың тонна қой еті экспортталады деп жоспарлануда. Келісім бойынша, бір бас – 30 келіден төмен болуы керек және оның 1 келісінің бағасы шамамен 7-8 долларды құрайды.
Қатар елінің инвесторлары Қазақстанның қой етіне үлкен қызығушылық танытып отыр. Кездесу нәтижесінде тараптар екі ел арасында ет өнімдерін өткізу нарығын дамыту үшін маркетингтік зерттеуді қолға алып, бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытында жұмыстарды жандандыруға келісімге келді.
Айта кетейік, Қазақстанда шетелдік нарықта бағаланатын сапалы ет өндіріледі. Мал шаруашылығының дамуы бойынша Түркістан облысы –республикада алдыңғы орында. Мал басы және өнімділігі орташа есеппен 5%-ға өсуде. Ет экспорты бойынша облыс республикада көш бастап тұр. Ірі қара мал етінің үлесі – 85%-ды, ұсақ мал – 60%-ды құрайды. 10 мың тонна ірі қара мал, 4,6 мың тонна қой еті экспортқа жөнелтілді.