Түркістан қаласында өткен БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз турында журналистер «Asia Brend» жиһаз өндіретін фабрикасына барып, жұмыс барысымен танысты. Жалпы 150 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын жылына 22 мың дана жиһаз өндіреді. Бүгінде түркістандық жиһаздар Түркістан, Алматы, Астана, Шымкент, Қызылорда және Тараз қалаларында сатылымда. Сондай-ақ, өнімдер Ресей мен Қырғызстан елдеріне экспортталып жатыр.
Баспасөз туры барысында журналистер «Белсенді ұзақ өмір» сүру орталығында болды. Орталықта денсаулықты жақсартуға арналған массаж кабинеті, зияткерлік ойындар мен бильярд бөлмесі, тұз шахтасы мен жаттығу жасауға арналған бөлмелер бар. Онда зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға күндізгі сауықтыру-демалыс және сүйемелдеу қызметі көрсетіледі.
Пресс-тур аясында тілшілер қауымы Қ.А.Ясауи кесенесіне барып, зиярат жасады. Одан бөлек, БАҚ өкілдері кесене аумағындағы Этноауылдағы шеберлер көрмесіне барды. Тур соңында журналистер биыл 5 жылдығын атап өткелі жатқан Халықаралық туризм және меймандостық университетінің тыныс-тіршілігімен танысты. Биыл университет алғашқы 500-ге жуық түлектерін ұшырмақ.
Отандық тауар өндірушілердің экспортын ілгерілету бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Облыста инвесторлар мен экспорттаушыларға «бір терезе» қағидаты бойынша қызметтердің кең түрін ұсынатын «Turkistan Invest» қызмет көрсету орталығы құрылған.
«Turkistan Invest» орталығының көмегіне жүгінуші кәсіпкерлердің қатары да көбейген. Мәселен, «Turkistan Invest» көмегімен көлік қызметтеріне, шетелдік көрмелерге қатысуға және тауарды шетелде жарнамалауға жұмсалған шығындарды өтеу үшін «QazIndustry «СОО» АҚ — на Түркістан облысының 18 экспорттаушы компаниясы өтінім берді. Оның ішінде өткен жылы іске қосылған «CG Corp Global» ЖШС бар. Жылына 400 мың тез дайындалатын кеспе шығаратын зауыт өнімі бүгінде ішкі және сыртқы нарықта да сұранысқа ие. Сонымен қатар, былтыр Қазақстан мен Қытай арасында сүт өнімдерін экспорттау бойынша келісім жасалған болатын. Нәтижесінде «Golden Camel Group» зауыты ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап Қытайға 30 тонна құрғақ түйе сүтін экспорттады. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 33 мың тоннаны құрайды және өнім толығымен экспортқа сай.
Ал, таяуда Өзбекстан Республикасы, Ургенч қаласында өткен «агроөнеркәсіптік кооперация, өнеркәсіп және туризм саласындағы өңірлік бизнестің ынтымақтастығы» ІІ аймақаралық ынтымақтастық форумы аясында Түркістан облысы мен Өзбекстан Республикасы кәсіпорындары арасында жалпы сомасы 50 млн. АҚШ долларын құрайтын 3 экспорттық келісімге қол қойылды. Өңірде сондай-ақ экспортқа бағдарланған «Standard Petroleum» ЖШС мұнай өңдеу зауыты бой көтереді. Жаңа зауыт Түркістан облысы Ордабасы ауданында 2021 жылы іске қосылмақ. Экспорт көлемі жылына 2 млн ақш долларын құрайды деп күтілуде. Жоба ясында 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Жалпы құны 95 млрд. теңгені құрайды.