Шымкент қаласында қазір 13 158 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар 414 құрайды. Бүгінгі ұйымдастырылған жәрмеңкеде мүгедектігі бар жандарға бос жұмыс орындары ұсынылды.
Іс-шара «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында Шымкент қаласы әкімдігінің Еңбек мобильділігі орталығымен бірлесе ұйымдастырылды. Іс-шараға Шымкент қаласының мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Қайрат Имашев, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының «Саяси жұмыстар бөлімінің» меңгерушісі Ербол Байқонысов және қала мәслихатының депутаттары қатысып, ұсынылып отырған бос жұмыс орындарымен танысты.
Жәрмеңкеде 16 жұмыс беруші, оның ішінде 8-і арнайы квота негізінде келушілерге 600-аса тұрақты бос жұмыс орынын ұсынды. Жалпы, іс-шараға 55 жұмыс іздеуші қатысып, нәтижесінде 26 мүгедектігі бар азамат бос жұмыс орнына жолдама алды.
Жыл басынан бері 1029 мүгедектігі бар азамат Еңбек мобилділігі орталығының көмегіне жүгініп, 378-і жұмыспен қамту шараларына тартылды. Оның ішінде, субсидияланатын жұмыс орындары бойынша Жастар практикасы – 13, Әлеуметтік жұмыс орындарына – 5, Қоғамдық жұмысқа – 111, Алғашқы жұмыс орны – 16, Күміс жас бағдарламасы – 31, «Бастау-Бизнес» жобасы шеңберінде 107 адам білім алып, 95 мүгедектігі бар азамат тұрақты жұмысқа орналасты.
Еңбек мобильділігі орталығы жұмыс берушілермен бірлесе мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құруды ұйымдастырады. Мүгедектерді жұмыспен қамтуға арналған арнайы жұмыс орындары – мүгедектігі бар азаматтың жеке мүмкіндіктерін ескере отырып жабдықталған жұмыс орындары. Арнайы жұмыс орындарын құру кезінде жабдықты алу және монтаждау жұмыстарына кеткен шығындар жұмыс берушілерге мемлекеттік бюджеттен субсидиялау арқылы беріледі.