13kz.kz
КАЗ
  • Жаңалықтар
  • Қоғам
  • Cаясат
  • Мәдениет
  • Экономика
  • Білім
  • Туризм
  • Спорт
  • Әлемде
  • 13KZTV
No Result
View All Result
  • Жаңалықтар
  • Қоғам
  • Cаясат
  • Мәдениет
  • Экономика
  • Білім
  • Туризм
  • Спорт
  • Әлемде
  • 13KZTV
No Result
View All Result
13kz.kz
No Result
View All Result
Home Мәдениет

«Абай тілінің ерекшеліктері» атты кітап жарық көрді

20 декабря, 2020
in Мәдениет
0
«Абай тілінің ерекшеліктері» атты кітап жарық көрді
Share on FacebookShare on Twitter

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығының бас ғылыми қызметкерлері ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д,, проф. Шерубай Құрманбайұлы мен PhD Мәрлен Әділовтің авторлығымен жарық көрген «Абай тілінің ерекшеліктері» атты жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Кітапта Абай шығармаларындағы қазіргі қазақ әдеби тілінде кездеспейтін немесе өте сирек қолданылатын морфологиялық, фонетикалық және лексикалық ерекшеліктер анықталады.

Фонетикалық ерекшеліктер дегенде ұғыл, ұлық, тұғры, тұғралы, түзік және т.б. көне түрік және қазақтың ескі жазба тіліне тән фонетикалық ескіліктер зерттелді. Бұлар көне түрік және қазіргі түрік-моңғол тілдеріндегі деректермен салыстырылып, олардың ескі қазақ жазба тілі мен қазіргі қазақ тіліне қатыстылығы жайлы тұжырымдар айтылды.

Сонымен қатар, қазіргі қазақ әдеби тіліндегі сөздердің Абайдағы дыбыстық варианттары талданды. Оның ішінде айлану, ашау, беркіну, беркіту, бұлыт/бұлұт, біротала, езгү, есіту, жолғасу, инану, кезегендік (кезбелік), қары (кәрі), құры (құр сөз), нажағай, соңра, сүру (сүрту, жағу), тәңрі, тұл бой, ұжымақ, ұсап, шүйінші, ылай, ылау, т.б. түрінде құбылған немесе керісінше бастапқы формаларында қолданылған сөздер де бар.

Фонетикалық ерекшеліктер тарауында кірме сөздерден «қазақы» формада жұмсалғандары да талданды, мәселен кірме сөздердің Абай тілінде амантау, асық, әжеттес, әз тұту, әм, бейіс, бұл (пұл), дұспан, еннатайына кәлкәусар, қаса, пышана, сұңғат, шылдахана, ылаж, ырза, ырас, закүншік, лапке, мәліш, бияншік, ваенной, сaлдaт, самародной, ыстаршын ысдраваймыслящий, ісшөт сияқты «қазақы» тұлғада өзгертіліп жұмсалуына назар аударылды.

Кірме сөздердің әдеби тілдегіден өзгеше әрі бастапқы формасына жақын түрінде жұмсалуына мән берілді. Абайда шет тілдерінен, әсіресе араб, парсыдан енген сөздердің біразы сол тілдердегі негізгі тұлғалары сақталып қолданылған. Бұлар да қазақ тіліндегі нұсқаларымен салыстырылып зерттелді, мысалы: алал (адал), бихабар (бейхабар), ғафыл қалма (қапы қалма), ежтиһат (ыждағат), мағлұм (мәлім), махрұм (мақұрым), мү’мин (момын мұсылман), наме (нама), руза (ораза), таслим (тәсілім), хақ (ақы), хисап (есеп), т.б.

Морфологиялық өзгешеліктер деп аталатын деп аталатын бөлімде қазіргі қазақ әдеби тілінде ұшыраспайтын (немесе өте сирек жұмсалатын) кейбір морфологиялық формалардың қолданылуы мәселесі талқыланды. Мысалы, «мыш», «дүр», «тұғын/тұрған», «бірлән/білән, «дағы», «дек», «аның үшін/оның үшін, т.б.

Лексикалық ерекшеліктер тарауында ақын шығармаларының сөздік құрамын актив-пассивтігіне және лексикалық қолданыстарының ерекшелігіне қарай көнерген сөздер, пассив лексика, этнографиялық ұғымдар, ақын тіліне тән қос сөздер, фразеологизмдер, мақал-мəтел мен афоризмдер деп қарастырылды.

Түркітанушы ғалым ф.ғ.д., проф. Мұрат Сабыр өз пікірінде: «Зерттеушілер ақын тілін көне ескерткіштермен салыстырып зерттеп, Абай тілінің тамыры тереңде жатқанын дәлелдеді», дейді.

Белгілі тіл маманы ф.ғ.д. проф. Тыныштық Ермекова: «Кітаптың артықшылығы Абайды көне және орта ғасыр түркі мұралары тілімен байланыстыруында», деп айтады.

Филолог ғалым ф.ғ.д., проф. Қаламқас Қалыбаева: «Абай тілінен шағатай әдеби тілінің элементтерін іздеу Кеңес кезеңінде «бос әурешілік» деп айтылып, ғалымдар ақын шығармаларындағы осындай тұстарды кең қарастырылмаған еді. Қолымыздағы еңбек бұл олқылықтың орнын толтырды», деген пікір білдіреді.

Еске сала кетейік, 2020 жылдың 15-желтоқсанында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде белгілі түркітанушы ғалым Немат Келімбетовті еске алуға арналған «Байырғы түркі тілі мен әдебиетін зерттеу мәселелері» атты халықаралық ғылыми жиын өткен еді. Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығы ұйымдастырған осы жиын барысында тілші ғалымдардардың «Абай тілінің ерекшеліктері» атты жаңа кітабы таныстырылды. Үш тараудан тұратын көлемді еңбекті Абайтануға, Абай мұрасын тілдік жағынан тануға қосылған үлкен үлес деуге болады. Ұлы ақын Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай ақын шығармаларын зерттеу жаңа серпін алып құнды монографиялық зерттеулер шығып жатқаны белгілі. Бұл еңбек те Абайтану ғылымына, ұлы ақын тілінің табиғатын тереңірек танып, оның сөз қолданыс ерекшеліктерін айқындауға септігін тигізеді деген сенімдеміз.

 

Tags: 13kz13kz.kz13кзАбай тіліАбай Құнанбаев
Previous Post

Кентауда жылжымалы емхана көмегімен 1000-ға жуық тұрғын медициналық тексеруден өтті

Next Post

Түркістан: 2 мың дана құран тарту етті

Добавить комментарий Отменить ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Барлық құқықтары қорғалған.
2020 жылдың 25 ақпанындағы
№KZ66VPY00020666 куәлігі

     13kz.kz ақпарат агенттігі

Сайт әкімшілігі материалды
көшіріп басу кезінде 13kz.kz
сайтына тікелей гиперсілтеме
көрсетуді талап етеді


Сайттың ескі нұсқасы.
No Result
View All Result
  • Жаңалықтар
  • Cаясат
  • Қоғам
  • Билік
  • Экономика
  • Туризм
  • 13KZTV
  • Әлемде

13kz.kz ақпарат агенттігі