«Түркістан» сарайында Шымкент қалалық білім басқармасының алқа мәжілісі өтті. Мәжіліске қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, білім басқармасына қарасты мекемелердің басшылары және ата-аналар комитетінің мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, ардагерлер қатысты.Жиында басқарма басшысы Нұргүл Шәмшиеваның баяндамасы тыңдалып, білім беру ұйымдарындағы оқушылар мен студенттердің денсаулығы, білім алуы, қауіпсіздігі талқыланды. Басқарма басшысы 2023 және 2024 жылдың алғашқы тоқсанында атқарылған жұмыстарының мемлекеттік мектептерде жүргізілген кешенді мониторингтік қорытындылары туралы айтып өтті.
Баяндамадан кейін қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек білім саласындағы кемшіліктерді тізіп өтіп, кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың, суицидтің және зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелерін қатаң түрде қолға алуды тапсырды.
– Білім саласында өзекті мәселелер өте көп. Еліміздің болашағын тәрбиелеп отырғаннан кейін саладағы кез келген мәселеге ұсақ-түйек деп немқұрайлы қарауға жол жоқ. Мектептерді аралап көргенде қаншама шешілмеген мәселелердің бар екенін көрдім. Оқушылардың психологиялық тұрғыда әлсіздік танытып, суицидке баруы үлкен мәселе. Кейбір заманауи мектептердің материалдық жағдайы дұрыс емес. Өзім спортшы ретінде айтайын, адам денсаулығы дұрыс болуы үшін күніне бір-бір жарым литр су ішуі керек. Мектеп оқушылары бұл күндік норманы орындап іше алмайды. Себебі дәретханаға барудан қашады. Көп мектептерде дәретханалардың есігі ашық, дәретхана қағазы мен сұйық сабындар мүлдем қойылмайды. Суды уақтылы, нормамен ішпегендіктен, қазір көп баланың тамаққа тәбеті жоқ. Дені сау, білімді ұрпақты тәрбиелеу үшін мәселеге жан-жақты қарауымыз қажет. Осы тұрғыда мектептер Білім инновация лицейі мен Назарбаев интелектуалды мектептерінің білім беру тәжірибесімен алмасып, жоспарларына енгізсе деймін, – деді С.Құранбек.
Қаралған мәселелер аясында бірқатар тапсырма берілді. Кәмелетке толмағандардың арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша 2023-2025 жылдарға арналған ведомствоаралық кешенді іс-шаралар жоспарын қайта қарау ұсынылды. Басқарма басшысы тарапынан білім беру ұйымдарындағы тәуекел тобындағы балаларға жеке психологиялық көмек көрсету, білім басқармасы жанынан жергілікті бюджет есебінен «Психологиялық қолдау орталығын» ашуға ұсыныс енгізілді. Білім беру ұйымдарындағы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мамандандырылған күзетпен қамту, мемлекеттік сатып алу шарттарын кемінде 3 жыл мерзімге ұзарту мәселесі қарастырылды. Сондай-ақ білім беру ұйымдарындағы аналогты бейнебақылау жүйелерін цифрлық бейнебақылау жүйелеріне жаңарту ұсынысы жоспарға енгізілді.
Естеріңізге сала кетейік, білім беру саласындағы өзекті мәселелерді жүйелі түрде шешу мақсатында министрлік еліміздің барлық өңірлерінде білім беру аудитін қайта бастаған болатын. Алғашқы талдау нәтижелері бойынша ұсыныстар да берілген. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп білім беру саласындағы бюджет қаражатын жоспарлау және игеру мәселелері бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдаулар да жүргізіліп келген. Оның қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға бағытталған тетіктерді әзірлеу жөніндегі кешенді жоспар іске асырылып келгенімен, Шымкентте мектепке мұғалім болып жұмысқа орналасу үшін «ставканың» тыйылмай тұрғандығын ұзынқұлақтан жиі еститініміз жасырын емес. Жұмысқа орналасу тәртібі өзгергенімен, оның да тетігін тауып, жастарды жұмысқа «ақылы» орналастырып жүргендердің бар екенін айтпасқа болмас.
Қазіргі таңда Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты 897 білім беру ұйымдарында 399 598 тәрбиеленуші білім алуда. Білім беру ұйымдарының саны 2023 жылы 84-ке артқан. Өткен жылы Мемлекет басшысының білім саласына қатысты 19 тапсырмасы, 3 бағдарлама белгіленген.
Мектепке дейінгі білім беру саласы 2023 жылға Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2-6 жас аралығында қамту жоспары – 82,8 пайыз, 3-6 жас – 100 пайыз қамту жоспарланған. Аталған бағытта балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативіне сәйкес, 2023 жылға әр балаға 45 603 теңге болып белгіленіп, 39 млрд. 748 млн. тг.қаржы қаралыпты. Сондай-ақ өткен жылы қаладағы 587 мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде 1-6 жас аралығындағы кезекте тұрған 85 830 баланың 93 пайызы мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылған. Оның ішінде 3-6 жас аралығындағы 63 601 бала – 100 пайыз, 2-6 жас аралығындағы 81 314 баланың 94 пайызы қамтылған. 2023 жылы 4000 орынды 30 балабақша ашылған, 2025 жылға дейін 9000 жаңа орын ашу жоспарлануда.
– Бүгінгі таңда 608, оның 71 –і мемлекеттік, 537-сі жекеменшік мектепке дейінгі білім беру мекемелері жұмыс істеуде. Бұл бағыттағы басты көрсеткіш балаларды мектепке дейінгі тәрбие беру және оқытумен қамту.
2023 жылы 28 балабақша ашылып, балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды ұлғайту үшін 2 845 орынға мемлекеттік тапсырыс берілді. Биыл 583,0 млн.тг. қаржы қаралып, 3 150 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастыру жоспарлануда, оның ішінде 1050 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырылды. Нәтижесінде 2024 жылы наурыз айының қорытындысы бойынша 1-6 жас аралығындағы кезекте тұрған 82 505 баланың – 91 пайызы, яғни 75 253 бала мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылған. Кезекте тұрғаны — 7 252 бала, – деді
Нұргүл Ақылбекқызы.
Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін білім беру ұйымдарына арнайы талаптарға сәйкестендірілген бейнебақылау жүйелері, ғимараттардың кіреберістері турникетпен, дабыл батырмалары, І-дәрежелі мамандандырылған күзетпен 100 пайыз қамтылыпты.
Басқарма басшысы Шымкентте үш ауысымды мектептер мәселесі 2025 жылы толығымен шешілетінін айтты. Алқа мәжілісінде айтылған сын-ескертпелердің назарға алынып, іске асырылуы алдағы күннің еншісінде болмақ.