Шымкентте «Таза Қазақстан» тазалық акциясының екінші аптасы барлық жерде жалғасып жатыр.
«Киелі мекен» деп аталатын апталықта қоршаған табиғаты мен киелі жерлері үйлесім тапқан шымқаланың тарихи орындарында тазалық жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, қала бойынша 5 ауданның коммуналдық мекеме қызметкерлері мен Жастар ресурстық орталығының белсенділері акция барысында белсенділік танытып, тазалау жұмыстарына өз үлестерін қосты.
Қаратау ауданына қарасты Сайрам тұрғын алабындағы Қарашаш ана кесенесі, Еңбекші ауданында орналасқан «Т.Рысқұлов» гүлзарлары қоқыстан тазартылып, ағаштар әктеліп, кесене мен гүлзарлар жиналған қоқыстан тазаланды.
Айналасындағы өскен шөптер орылып, абаттандырылды.
Әл-Фараби ауданы аймағында орналасқан «Д.Қонаев» және «Ә.Молдағұлова» ескерткіштерінің маңы, «Шым қала» тарихи-мәдени кешені мен Абай ауданына қарасты «Темірші әулие» кесенесі, сондай-ақ, мен Тұран ауданындағы Тілеу Айтұлы батыр ескерткішінің айналасы ретке келтірілді. Арықтар тазаланып, отыратын орындықтар сырланып, гүлдер егілді.
Ескерткіштерден бөлек қала аумағында орналасқан саябақтар, сквер мен өлкетану мұражайларының аумағы да абаттандырылып, жиналған қоқыстар, сынған ағаштар шығарылып, айнала тазаланды.
Жалпы,«Киелі мекен» апталығын патриотизм, табиғатқа, қоршаған ортаға ұқыпты қарауда, киелі құндылықтарды дәріптеуде, әсіресе жастарға өнеге болатындай маңызы жоғары.
«Таза Қазақстан» акциясының «Киелі мекен» апталығы аясында Абай ауданы аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен өлкетану мұражайларының аумағы тазалық және көріктендіру жұмыстары жүргізілді. Тұрғындар бүгін Асар шағынауданындағы Асар гүлзарын тазалауға шықты.
—Асар шағынауданының азаматтары акцияға дейін де абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын бір кісідей атқарып келген. Ал, Мемлекет басшының тапсырмасынан кейін атқаратын шаруалар еселене түсті. Көктем мезгілі басталғалы барлық көшелер тазаланды. Әр көшеде, участокта тұрғындар арасынан жауапты тұлғалар бекітілген. Ол кісілер осы жердің тазалығына және абаттандырылуына жауап береді. Бұл игі іс алдағы уақытта жалғасын табады деген сенімдеміз, — дейді “Ел Аманаты” қоғамдық бірлестігің төрағасы Сейдахмет Мамырбаев.
Сонымен қатар, тазалық акциясына қатысушылар қазақтың үш биі — Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би ескерткіштері орналасқан гүлзар аумағында ағаштарды бұтал, кіреберіс алаңның маңайында өсіп тұрған ағаштардың түбін әктеп, арам шөптерді орып, ретке келтірді.