7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күні. Бүгін қаладағы Арбат алаңында медицина қызметкерлері жастармен бірігіп айтулы датаны атап өтті. Шара аясында қала тұрғындарына ашық аспан астында медициналық көмек көрсетілді. Белсенділік танытқан жастар салауатты өмір салтын насихаттайтын спорттық шараларға қатысты.
Бүгін 700-ге жуық Шымкенттік тұрғынға тегін медициналық көмек көрсетілді. Арбатқа жиналғандар дәрігерлерден медициналық кеңес алып, талдаулар үшін қан тапсырып, қан қысымын өлшеуге мүмкіндік алды. Ердәулет Сейітбек арнайы шара аясында көз жанарын тексертіп алды.
Ердаулет Сейітбек, студент: «Көзімді біраз уақыттан бері тексерте алмай жүрген едім. Осы шара арқылы окулист дәрігерге келіп, тексертіп алдым. Мамандар көзіңе ота жасау қажет дейді»
Медицина қызметкерлері тұрғындарды тексеріп қана қоймай, өз тәжірибелерімен де бөлісті. Мәселен, жедел жәрдем қызметкерлері алғашқы медициналық көмек түрін қалай дұрыс көрсету қажеттігін көрсетті. Шара қалалық денсаулық сақтау басқармасы мен студенттік емхананың ұйымдастыруымен өтіп отыр.
Жұмабек Әбенов, студенттік емхананың бас дәрігері: «Арбатта бейінді мамандар: эндокринолог, окулист, кардиолог, лор маманы, ЖИТС орталығынан да мамандары тұрғындарға қызмет етіп жатыр. Жедел жәрдем қызметкерлері де келіп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Жалпы саны 10-нан астам қызметкер шымкенттіктерге кеңес берді»
Дүниежүзілік денсаулық күні аясында өткізіліп отырған шарада түрлі спорттық сайыстар мен жас суретшілердің көрмесі ұйымдастырылды. Белсенділік танытқан жастар қатарластарын жаман әдеттерден аулақ болуға және салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Шымкент қаласында денсаулық сақтау саласындағы тың өзгерістер мен МӘМС жүйесі туралы мәліметтер бүгін «Мегаполис-Қазақстан» Сауда компаниясының қызметкерлерімен кездесу барысында талқыланды. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының мамандары аталмыш компания ұжымына МӘМС шеңберінде талап етуге құқылы қызмет түрлерін баяндап, ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша халық саны 1 миллион 229 мың адамды құрайды. Тұрғындардың 80 пайызы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылған. 214 мың адам сақтандырылмаған. Мемлекет 15 жеңілдік санатына кіретін азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлеуді жалғастыруда. Еліміздің үшінші мегаполисінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарна төлеуден босатылған тұрғындар саны 720 735. Жалпы, халық санының 58,7 пайызын құрайды.