Шымкенттің Сайрам тұрғын алабынан Қостанайға қарай көмек керуені жолға шығуға әзір. Қазақстан халық Ассамблеясы, AMANAT партиясының Шымкент қалалық филиалы мен Өзбек этномәдени орталығының бастамасымен сайрамдық жанашыр азаматтар мен кәсіпкерлер, «Мейірім-Сайрам» қайырымдылық қоры тасқын судан зардап шеккен отандастарымыз үшін 5 тонна зат жинады.
– Қостанай облысының әкімшілігімен хабарласып, эвакуацияланған адамдарға қажетті материалдық көмекті анықтадық. «Сайрам» тұрғын алабынан 5 тоннаға жуық азық-түлік, санитарлық-гигиеналық заттарды 2 «Газельге» артып, аттандырдық. «Мейірім-Сайрам» қайырымдылық қорының өкілдері керуенді белгіленген аймаққа жеткізіп, көмекке мұқтаж жандарға 300 кг палау басып, таратуға ниеттеніп отыр, – деді Өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Тахирбек Нышанбаев.
«Мейірім-Сайрам» қайырымдылық қорының менеджері Фарухжан Ахмедовтың айтуы бойынша, қайырымдылық қордың өкілдері зардап шеккен аймақта 1-2 күн болып, отандастарымызға көмек көрсетпек ниетте.
Айта кетейік, аталмыш көмек керуені бүгін кешке «Сайрам» тұрғын алабында орналасқан «Den&Noch» супермаркеті алдынан жолға шығады.Шымкентте су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек жинау жалғасуда. Қала тұрғындары табиғи апатқа бей-жай қарамай, халыққа көмек қолын созуда.
Қала аумағында гуманитарлық көмек бірнеше орынға жиналады. Қалалық Жастар ресурстық орталығының ғимаратында қабылдау пункті жұмысын бастаған болатын. Ақтөбе облысының Ойыл ауданына гуманитарлық көмектің алғашқы легі жөнелтілді. Арнайы көліктер зардап шеккендерге азық-түлік, төсек-орын, киім-кешек сияқты бірінші қажеттіліктерден құралған 10 тонна жүк жеткізген.
Екінші пункт қалалық Қазақстан халқы ассамблеясында ашылды. Ассамблея өкілдері 20 тоннаға жуық гуманитарлық жүктің алғашқы партиясын Атырау облысына жөнелтті.
Бүгін Ассамблея мүшелері Батыс Қазақстан облысына гуманитарлық көмектің екінші партиясын жіберді. Сондай-ақ, шымкенттіктер су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін ашылған арнайы банк шотына қаржы аударады. Гуманитарлық көмекті жинау белсенді түрде жалғасуда.