Солтүстік Қазақстан облысында балалар зорлық-зомбылық әрекеттері мен порнографиялық мазмұнды насихаттайтын сайттарға мектеп компьютерлері арқылы кірген.
Облыс прокурорының аға көмекшісі Виктор Найда мұндай фактілер Тайынша, М. Жұмабаев, Ақжар, Мамлют, Айыртау және Шал ақын ауданы мен Петропавл қаласындағы мектептерде тіркелгенін мәлімдеді.
«Информатика кабинеттеріндегі тексеру барысында зорлық-зомбылық әрекеттерін, құмар ойындарын, есірткі мен қылмыс құралдарын өндіруді және порнографиялық мазмұнды насихаттайтын сайттарға кіру деректерін анықтадық. Сайттарға мектеп компьютерлерінде интернетке еркін қол жеткізе алатын оқушылар кірген деген болжам бар. Тексеру жалғасуда, жауап беру актілері негізінде жауапты тұлғалар мен мектеп директорлары әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылады», — деді Виктор Найда.