Биыл Шымкентте жаңадан салынған конгресс-холл мәдени нысаны ел игілігіне беріледі. Сондай-ақ “Шымкент қалалық мәдениет үйі” концерттік ұйымына қарасты тозығы жеткен клубтардың ғимараты бұзылып, қайта салынады. Бүгінде әлеуметтік желіде еліміз бойынша үшінші мегаполистегі жалғыз салт-дәстүр орталығының ғимараты сүріліп, жол түседі, және мекеме облыс балансына өтеді деген ақпарат таралды. Өткен жылда атқарылған жұмысты баяндаған Шымкент қаласының Мәдениет , тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев брифингте алып -қашпа әңгіменің нүктесін қойды. Сөзінше, мәдени нысанды жаңа ғимаратқа көшіру жоспарда бар.
Алайда тарихы тереңде жатқан қуыршақ театрының ғимарат мәселесі биылда шешімін таппайды. Себебі жоспарға енбеген. Қазір қаладағы 6 театрдың ғимаратын шетелден келген эксперт мамандар тексеруде.
Өткен жылы шымкенттегі 20 өнер мекемесінде 7 мыңға жуық іс шара өткен. Биыл да дәстүрге сай әз Наурыз 10 атаулы күн негізінде ұйымдастырылады.
Жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы бойынша арнайы мониторингтік топ шығармашылық үйірмелерді тексеруде. Егер олқылықтар анықталса, заң аясында өнім беруші мен келісім шарт тоқтатылады.
Биыл Жұмат Шанин атындағы қазақ академиялық драма театрының 90 жылдығы атап өтіледі. Мерейтойға орай дәстүрлі Орталық Азия елдерінің 9-шы Халықаралық театр фестивалі Шымкентте өтетін болды.