Президент Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік жастар кадр резервінің форумында мемлекеттік қызметтегі командамен ауысу тәжірибесін сынға алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев жас мамандарды мемлекеттік қызметке бейімдеу үшін тәлімгерлік институтын жандандыруға баса назар аударды. Мемлекет басшысы осы уақытқа дейін сақталған командалық орын ауыстыру тәжірибесін сынға алды.
Осыған байланысты президент әкімшілігі мен мемлекеттік қызмет істері агенттігіне бұл мәселені қатаң бақылауға алып, батыл түрде тоқтатуды тапсырды.
«Менің ойымша, мемлекеттік қызмет істері агенттігіне мемлекет көлеміндегі кадр саясатына сындарлы түрде әсер етуі үшін заңнамалық тәртіппен қосымша өкілеттіктер беру керек. Бірақ бұл агенттік басшылығына ерекше жауапкершілік жүктейді”,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанның әділ мемлекет пен инклюзивті қоғам құрып жатқанын, сондықтан мемлекеттік қызметте гендерлік теңгерімді қамтамасыз ету мәселесі маңызды екенін айтты.
Бұған дейін Тоқаев тәулігіне 12 сағат жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлерге өтемақы төлеуді ұсынғанын жазған едік.