Шымкентте прокуратураның жаңа мектеп ас мәзіріне қатысты айтқан ескертулерін елемеген қалалық білім басқармасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Еңбекші аудандық прокуратурасының тексеруі барысында 80 мыңнан астам оқушының құқығы бұзылғаны анықталды.
«Прокуратура туралы» заңның 32-бабының (Прокуратура актілерінің жүйесі) талаптарын орындамағаны үшін департаменттің лауазымды тұлғасына «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 664-бабы бойынша (Соттың жекеше ұйғарымы, қаулысы, прокурордың, тергеушiнiң немесе анықтаушының ұсынуы бойынша шаралар қолданбау) 28 800 теңге айыппұл салынды», — делінген хабарламада.
Аталған ақпаратқа орай Stan.kz тілшісі Шымкент қаласы әкімдігінен мектептегі ас мәзіріне қатысты білім басқармасына қандай ескерту айтылғанын және қай лауазымды тұлғаға, нақты қандай айыппұл салынғанын сұрап көрді. Әкімдіктің хабарлауынша, Еңбекші аудан прокуратурасы қалалық білім басқармасының 2023 жылға арналған перспективалық маусымдық екі апталық жалпы орта білім беру ұйымдарына арналған ас мәзірін тексереді.
«Тексеру барысында санитарлық қағиданың 169 тармағына сәйкес күн сайынғы тамақтану рационына ет, сүт, сары май және өсімдік майы, қара бидай бидай наны, көкөніс мен қант қосылады. Басқарманың қыс көктемдік ас мәзірінде 1 аптаның 3 күнінде сүт өнімдері, балық қарастырылмаған. Демек бұл заңнамалардың бұзылғаны. Жоғарыда көрсетілген кемшіліктер бойынша басқарма басшысының орынбасары Г. Дарыбаева әкімшілік жауапкершілікке, жалпы орта білім беру және тәрбие жұмыстарын дамыту, қосымша білім беру бөлім басшысы Е. Жакаевқа, бас маман Т. Жанабілге «сөгіс» түрінде тәртіптік жаза қолданылған», — делінген Шымкент қаласы әкімдігінің хабарламасында.