СҚО әкімі бала туылғаны үшін төленетін төлемді екі есе арттыруды ұсынды.Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов сенат отырысында өңірдегі демографиялық жағдайдың нашарлауы мен бала туу деңгейінің төмендеуі, жалақының төмендігі, ауыл тұрғындарының азаю мәселелерін көтерді.
Осыған байланысты ол өңірде халықты ұстап тұруға мүмкіндік беретін қолданыстағы төлемдерді ұлғайту және жаңаларын енгізу бойынша бірнеше ұсыныстарын айтты. Соның бірі облыс аумағында тұратын 4 және одан да көп баласы бар көп балалы аналарға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақыны, туғанына және бала күтіміне байланысты біржолғы жәрдемақыны екі есе арттыру бойынша пилоттық жобаны қолдануды ұсынды.
Сондай-ақ Ғауез Нұрмұхамбетов өңірдегі жұмыссыз азаматтарды жұмысқа алған жұмыс берушілерге әрбір қызметкер үшін 2 жыл бойы 30 АЕК (110 760 теңге) көлемінде субсидия төлеуді ұсынды.
«Бұл еңбек нарығын көлеңкеден шығаруға және жеке сектордағы жалақыны өңірдегі орташа айлық көрсеткішке дейін арттыруға мүмкіндік береді», – деді әкім облыс әкімі.
Ғауез Нұрмұхамбетов халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша келген жас мамандарға, сондай-ақ көшіп келуші қандастарға отын мен көмір сатып алу үшін жылына бір рет 35 АЕК (129 220 теңге) көлемінде әлеуметтік көмек көрсетуді қарастыруды сұрады. Себебі облыста жылыту маусымы 222 күнге созылады.