Күні кеше әлеуметтік желіде оқушылардың мектепте намаз оқыған видеосы тараған болатын, деп хабарлайды 13.kz тілшісі Ulysmedia.kz сілтеме жасап.
Бейнежазбадан бір топ баланың сәждеге жығылып жатқанын байқауға болады. Онда мектеп партасы да көрінеді. Спорттық киім киген балалардың қай өңірдің, қай мектептің шәкірттері екені әзірге беймәлім. Ал заң бойынша оқу орындарында діни рәсім жасауға тыйым салынғаны белгілі.
Министрлік сабақ барысында құлшылық жасауға рұқсат берген білім ордасын анықтап, шара қолдануды қолға алмақшы.
Конституцияның 1-бап, 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы өзін зайырлы мемлекет ретінде орнықтырады.
«Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы (Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы № 483-ІV) Заңға (3-бап 1, 4-тармақтары) сәйкес Қазақстан Республикасында білім беру мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлінген және зайырлы сипатта болады (Діни білім беру ұйымдарын қоспағанда).
Сондай-ақ аталған Заңның 7-бабына сәйкес діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, білім беру ұйымдарының аумағында және ғимараттарында Құдайға құлшылық етуді, дінижораларды, рәсімдерді және (немесе) жиналыстарды өткізуге (жасауға), сондай-ақ миссионерлік қызметті жүзеге асыруға жол берілмейді, – деп мәлімдеді ведомство