«Әл-Фараби көптеген сындарлы шығармалар туғызды. Фараби мұрасы ұшаң теңіз және сан алуан. Ол сол тұстағы бүкіл білім салаларын, этиканы, саясатты, психологияны, жаратылыстануды, музыканы оқып зерттеді!…
Әл-Фараби тамаша математик болып, сол тұстағы теориялық медицинаның бүкіл қырларын жетік меңгерді. Ол музыка теориясы жөнінен көп еңбектер жазды. Композитор ретінде кеңінен мәшһүр болды, жаңа музыкалық аспап шығарды»- дейді өз жазбасында Е.Э. Бертельс.
Биылғы жылы туғанына 1150 жыл толып, мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде тойлап жатқан Әл-Фараби кім? Ол туралы не білеміз? Осы бағыттағы мәліметтермен бөлісіп, көпшілікке қажет болар дедім.
Әл-Фараби – мұсылмандық философиялық ағымның негізін қалаушы. Ұлы ойшылдың есімі тарихқа мықтап енді. Оның жазған еңбектері, Батыс және Шығыс мәдениеттерін жақындастырған көпір болып саналады. Астрономия, математика, музыка, логика, әлеуметтану, жаратылыстану және астрология туралы 130-ға дейін шығарма қалдырды. Аристотельдін «Жан туралы» деп аталатын трактатын 2000 рет оқып шыққан.
Әл-Фараби Аристотельдің «Органон» ілімінің бүкіл кешенін жинап, ретке келтіреді. Оның барлық кітаптары бойынша түсініктеме жазады. Сонымен қатар физика, математика, астрономия, ботаника, құқық, музыка, әлеуметтану саласында 160-қа жуық трактат жазып қалдырған. Аристельдің еңбектерін зерделей отырып, » Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары», «Кемеңгерлік меруерті», «Бақытқа жету», » Ақындықтың мәні туралы» деген философиялық туындылар жазады. Өз еңбектерінде адам дүниені және оның мәнін өзінің сезім мүшелері мен ақыл-ойы арқылы таниды деп түсіндіреді.
Ғұламаның «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты трактаты атақты ағылшын жазушысы Томас Мордың еңбегіне негіз болған.
Әл- Фараби музыка саласында да «Музыканың ұлы кітабы», «Музыка ғылымы туралы пікірлер» деген еңбектер жазды. Әйгілі Қорқыттың күйлерін тартып, өзі де «Шұбар айғыр» деген күйді шығарған.
Білімге деген құштарлығының арқасында, өмірінің соңына дейін 70-тен астам тілді меңгеріп алды. Ол Қади, яғни шариғат үкімін жариялайтын адамның лауазында қызмет атқарып жүрген кезінде, оның жақын досы оған көптеген кітаптар берген. Кітаптардың арасында Аристотельдің еңбектері болған. Бұл еңбектердің ұнағандығы соншалық, өз лауазымынан бас тартып, ғылымға бет бұрған. 941 жылы Дамаск қаласына көшіп, өмірінің қалған бөлігін осында өткізді. Қалай қайтыс болғандығы туралы нақты мәлімет жоқ. Бір ақпарат бойынша, ол аурудан көз жұмды. Ал екінші нұсқа бойынша, Асқаланға сапар шегу кезінде қарақшылардың қолынан қаза болған. Қазіргі таңда Әл-Фараби бабамыздың жерленген жері Сирия астанасы –Дамаск (Шам) қаласы болып табылады.
Әл-Фараби өзінің талантты ойшыл, данышпандығымен әлемге әйгілі болып, көп ғылымды меңгерген. Сол үшін оны әлем халқы «Аристотельден кейінгі екінші ұстаз» немесе ««Шығыстың Аристотелі» деп атайды.
Әл-Фарабидің еңбектерін оқу арқылы өзін Әл-Фарабидің шәкірті санайтын парсы халқынан шыққан ғалымның бірі Әбу Әли ибн Сина. Оның ғалым атануына тікелей Әл-Фараби еңбектері әсер еткен.
Ғұламаның артына қалдырған «Тәрбиесіз берілген білім-адамзаттың қас жауы», «Тарихты білмей өткенді, қазіргі жағдайды білу, келешекті болжау қиын» деген ұлағатты сөздері халық арасында көп қолданылады.
Біріншіден, ол-әлем мойындаған философ, Платон мен Аристотельдің еңбектерін шығыс, араб-мұсылман әлеміне таратқан үлкен ғұлама. Екіншіден, Әл-Фараби – үлкен ғалым. Әл-Фарабидің философиялық көзқарасы өте күрделі. Оны бір сөзбен айтып шығу мүмкін емес. Әл-Фарабидің көзқарасында диалектика да, таным теориясы да, ғылыми рационализм де бар. Әл-Фараби ислам өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан. Сондықтан әл-Фарабидің дүниетанымы туралы айтқанда оны материалист, болмаса идеалист немесе атеист деп айтуға болмайды. Ол белгілі бір ғылым академиясы тәрізді.Әл-Фарабидің ашқан ең үлкен жаңалығы – антикалық мұра мен исламды біріктіре мәдениет жасауында. Сондықтан Әл-Фарабидің қайнар көздерін айтқанда міндетті түрде тек шығыс пен батыс, гректің ғана емес, оның қазақтың құнарлы топырағынан түлеп ұшып, Отырар өркениетінен нәр алғанын ұмытпауымыз керек. Ол: “Мен Қыпшақ елінен ешқандай атақ-даңқ іздеп келген жоқпын. Мен білім іздеп келдім, сол білімді араб елінен таптым, бірақ менің Қыпшақ еліне сүйіспеншілігім шексіз”,- деп өзінің туған жерге деген сағынышын өлеңге түсірген.
Орта ғасырда энциклопедияшы оқымысты Әл-Фарабидей ғалым болмаған. 1980 жылдардан бастап Фарабитану атты жаңа бағыт пайда болды. Әлемдік және отандық Фарабитану деген бар. Әл-Фараби шетелге емес, тәуелсіз еліміздің мемлекеттік мүддесі мен ұлттық ұстанымы үшін қызмет етуі керек. Сондықтан Әл-Фарабидің ғылыми – философиялық мұрасын өзіміз ғана біліп қоймай, жас ұрпақтың санасына сіңіруіміз қажет. Әл-Фарабидің мұрасы, Әл-Фараби әлемі туралы білетініміз аз. Оның құпиясы әлі толық ашылған жоқ.
«Әлемнің екінші ұстазы» атанған, күллі түркі жұртының бас ойшылы Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланды. Сондай-ақ, еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев халқымыздың тарихтан тағылым алып, ұлы бабаларымызды әрдайым ұлықтай білгенін айтып, мұралары «Рухани жаңғырудың» маңызды бағдарына айналуы қажет екенін атап өтті.
Сөз соңында, Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылының атауын Фарабикент деп ауыстыру туралы ұсынысымды қоса білдіріп отырмын.
Орынбеков Арман