Мәжілістегі басым фракция ретінде «Amanat» партиясы президентке жаңа премьер-министр ретінде Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Парламент Мәжілісінің және «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Премьер-Министр қызметіне Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды», –делінген Ақорда хабарламасында.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, президент ұсынылған кандидатураны Мәжілістегі партиялардың фракцияларымен талқылайды.
Олжас Бектенов қазіргі таңда президент әкімшілігінің басшысы қызметін атқарып келеді. Ол бұл қызметке 2023 жылы 3 сәуірде тағайындалған. Оған дейін ол 2022 жылдың ақпанынан бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы болған.
Бектенов қызметін Алматы қаласы Әділет басқармасында бастап, Премьер-министр кеңсесінде, Президент әкімшілігінде, Әділет министрлігінде, Астана қаласы мен Ақмола облысы әкімдігінде қызмет еткен.
5 ақпанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет отставкасын қабылдап, үкіметті басқару функциясын уақытша Роман Склярға жүктеген.
«Қазақстан Республикасы Конституциясының 70-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы Үкіметінің орнынан түсуі қабылдансын», – делінген хабарламада.
Әлихан Смайылов басқарған үкіметтің соңғы құрамы 2023 жылы 4 сәуірде бекітілген. Смайылов басқарған үкіметтің жұмысына қатысты сарапшылар пікірін білген едік.