Бүгін Алматы облысындағы «Алтын Орда» базарының бұрынғы атқарушы директоры Эрмек Марқабаевтың ісі бойынша сот отырысында жарыссөз өтті .
Есте болса Алматыдағы ірі базарлардың бірі «Алтын Орданың» атқарушы директоры болған Эрмек Марқабаевты Алматы – Бішкек тасжолында 2023 жылы 2 маусымда ұстаған. Адвокаттың айтуынша, қамауға алу кезінде заң талаптары бұзылған.
Сол кезде әлеуметтік желіде Марқабаевты қарулы күш тобы ұстап жатқаны түсірілген видео тараған болатын. Айыпталушының өзі мен адвокаты біреулер аяқтан шалу үшін осындай қитұрқы әрекетке барды деп есептейді.
Эрмек Марқабаев соттағы соңғы сөзінде монополиямен күрескенім үшін жала жапқанвн жеткізді.
«Менің түрмеде отырғаныма 8 ай болды және мені неге бұлай қорлағанын түсіне алмаймын. Өзім базар нарығы мен қазақстандықтардың игілігі үшін адал еңбек еттім. «Алтын Орда» базарындағы монополияға қарсы күрескеніме байланысты осылай құрбан болып отырмын. Қызметте жүргенде кім хабарласып өтініш айтпады десеңізші?! Арасында қорқытып, үркіткендер де жетерлік. Мен заңға бағынатын азаматпын, ешқашан заң бұзған емеспін», – деді Эрмек Марқабаев.
Бұған дейін прокурор базар директорының бұрынғы орынбасарын 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Оған есірткі сақтады деген айып тағылып отыр.
Айыпталушының адвокаттары есірткіні Марқабаевқа салып жіберген дегенді алға тартуда.
Адвокат Динара Жұбатованың сөзінше, оған ҚР ҚК 296-бабы 4-бөлігі (Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау) бойынша тергеу жүргізілген. Қорғауындағы азамат дініне берік, есірткіге мүлдем жоламайтын жан дейді.
«Полиция қызметкерлеріне сол кезде қоңырау түседі. Бірден шұғыл қимылдап, Алматы – Бішкек тасжолына жетіп барады. Сосын біртіндеп көліктерді тоқтата бастайды. Бір қызығы, олар қандай нөмір екенін білмеген. Сөйтіп, олар атыс қаруын таппайды. Көлікке қару салуға батылдары жетпейді. Себебі, ол қарудың кейін қайдан алынғаны анықталуы мүмкін. Сондықтан есірткіні таңдаған», – дейді Динара Жұбатова.
Егер Марқабаевтың кінәсі дәлелденсе, бұл қылмыс үшін бас бостандығынан айыру мерзімі үш жылдан жеті жылға дейін болуы мүмкін. Бірақ адвокаты қан және несеп анализін тапсырғанда ондай ештеңе болмаған деп отыр. Тараптарды тыңдаған, судья өз жауабын 5-ші ақпан күні айтатынын жеткізді.