Қазақстанда әрбір алтыншы жұп бедеулікке шалдыққан.
“Айқын” газетіне берген сұхбатында репродуктолог, І санатты акушер-гинеколог Баян Дүйсенова бедеулікке түрлі жағдай себеп болуы мүмкін екенін айтты.
«Ерлі-зайыптылардың қабыну ауруына шалдығуы, төсек қатынасына ерте жастан түсуі, түсік жасату, туабітті ақаулар мен экологиялық ауыр жағдайлар да бедеулікке әкелуі мүмкін. Тіпті, оң жақта отырған қыз балалардың цикл бұзылыстарына да көңіл бөлу қажет. Дер кезінде маманға қаралып, сауатты шешімдер қабылдау – өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау дегенді білдіреді. «Тұрмысқа шыққан жоқ» деп қыздардың гинекологқа бармауы да кері әсер етуші фактор. «Басың жас, әлі де көтересің» деп уақыт созуға да болмайды. Ең басты ескеретін жайт – бедеулік әйел адамға ғана қатысты емес, 45-46 пайызы ер адамға қатысты болады. Негізінде, бізге келген әр отбасының өз тарихы, өзіндік қиындығы болады. Шыны сол, қазақы менталитетіміз шығар, көбіне кінәні әйелден іздеуге бейімбіз. Шын мәнінде, мәселе екі жақтан да болуы мүмкін, соны ескере бермейтініміз өкінішті», – дейді маман.
Әлеуметтанушы-ғалымдар Қазақстанда сәби сүйе алмағандықтан, әрбір алтыншы отбасының ажырасып тынатынын алға тартып отыр. Әрине, жасанды жолмен сәбилі болу процедурасын кез келген отбасының қалтасы көтермей жатады. Жасанды ұрықтандыру қызметінің орташа құны 1 миллион теңгенің шамасында бағаланады екен. ЭКО жасатуға алғашқы талпыныстары сәтті шықпай, қолын сілтегендер де бар.
«Аңсаған сәби» бағдарламасы жыл сайын ел бойынша 7 мың бүлдіршіннің өмір есігін ашуына ықпал етуде.
Бағдарлама аясында ЭКО қызметін Қазақстандағы 19 ірі медициналық орталық әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы көрсететінін атап өткен жөн.
50 жастан асқандар балалы бола ала ма
Баян Дүйсенованың айтуынша, 50 жастан кейін тіпті ЭКО көмегімен балалы болу оқиғасы өте сирек кездесетін құбылыс.
«Қазір әйел адамдардың арасында климакс «жасарып» барады. Егер бұрын климакс 44-58 жаста басталатын болса, қазір ол 37-38 жаста-ақ тіркеліп жатады. Осындай құбылыспен бетпе-бет келген емделушілерімнің арасында 29 жастағы әйел адам да бар», – дейді маман.
Сондықтан да мамандар әйелдерге де, ерлерге де денсаулығын жастайынан күтуге, дұрыс тамақтануға, саламатты өмір салтын ұстануға, қандай ма бір проблемалар туындаған жағдайда ертерек мамандардың көмегіне жүгінуге шақыруда.