Шымкент қаласының кәсіпкерлік палатасында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы шеңберінде «Кәсіпке бағыт» салалық оқытуы өтті. «Мен кәсіпкер» құралы аясында өткізілген оқу биыл үш сала бойынша ұйымдастырылды.
Атап айтқанда техникалық қызмет көрсету станциялары (детейлинг орталық ұйымдастыру» бойынша «Detailing Centre» жеке кәсіпкерлігіндегі оқуға 15 адам қатысты. Курс нәтижесінде бірнеше азамат өз ісін бастады, солардың бірі – «Аманат» жеке кәсіпкерлігі.
Сонымен қоса жеткізу қызметі бар қоғамдық тамақтану орны кәсібін ұйымдастыру бойынша оқуға 18 адам қатысып, «Salem Company Kazahstan» ЖШС-нің тәжірибесін үйреніп шығып, «Қасқыр СӘ» жеке кәсіпкерлігі ісін бастап кетті.
Ал тігін өндірісі саласын меңгеруге 13 тұрғын ниет білдіріп, оларға тігіншілікпен бірнеше жылдан бері айналысатын «Kasiet Collection» компаниясының жетекшісі Гулфайрус Шегебаева менторлық жасады. Бұл бағыт бойынша «Халимбетова» ЖК өз кәсібін ашты.
Осылайша үш сала бойынша салалық оқуға қатысып, тәжірибе жинаған тұрғындар өз ісін ашып, бастап отыр.
Айта кетейік, «Кәсіпке бағыт» курсы жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер үшін тегін өткізілді. Бір апта тәжірибе жинаған кәсіпкерлерге арнайы сертификат беріліп, ары қарай үш ай сүйемелдеу қарастырылған.
Шымкент қаласында бұл бағыттағы оқуға өтінімдер Ерімбетов көшесі, 304Г ғимарат, «Заңғар» бизнес орталығында қабылданады. Жұмыс уақыты 09:00-ден 18:00-ге дейін.
Кәсіпкерлер палатасының менеджер-консультанты: 8 705 280 22 19