Ұрпағымыз білімді, болашағымыз жарқын болуы үшін жас ұрпаққа аса пайдалы білім, саналы тәрбие беру – бүгінгі күннің басты талабы. Оқушы жетістігі әрқашан ұстазын қуанышқа, шаттыққа бөлейді. Осындай талапты, зерек, алғыр оқушы — Инкар Дінмұхаммед Нұрғалиұлы! Ол Мақтаарал ауданындағы Ы.Алтынсарин атындағы №26 жалпы білім беретін мектептің 8-сынып оқушысы.
Дінмұхаммед өнер мен білімді ұштастырып жүрген, ізденімпаз, еңбекқор оқушы. Ойы ұшқыр жас дарын Дінмұхаммедтің «Жұмбақ сақтау кітабына енген «Зузу мен Куку» ертегісін Шериф Иылмаз түрік тіліне аударды және Түркиядағы «FERFİR» басылымынан жеке кітапша болып 1000 дана шығарылды. 2023 жылдың 28 қазан — 5 қараша аралығында Элазыгта өтетін кітап жәрмеңкесіне (қол қою шарасына) мектеп директоры Аназаров Есенкелді Елжанұлы «FERFİR» басылымынан арнайы шақыру алды. Дарынды шәкірт Дінмұхаммед Түркияда өтетін кітап көрмесіндегі шараға өзінің кітапшасына қол қоюы үшін шақырылған. Мектеп ұжымы Дінмұхаммедтің еңбегін жоғары бағалап, Түркия еліне сәттілік тілеп шығарып салды. Ата-анасы Бекеев Нұрғали мен Абдирова Гүлбаршын ұлдарына қолдау білдіріп, Түркиядағы шараға қатыстырып қайтты. Перзенттерінің жан-жақты білімді әрі шығармашыл болуына ата-анасы мол мүмкіншілік жасап отыр. Жас қаламгерді қараша айының 27 күні Түркия еліндегі Абай атындағы білім беретін мектеп атынан қайта шақырту түскен.
Дінмұхаммед – сабырлы, мейірімді, сыныптастары мен мектеп оқушылары арасында беделді оқушы, мектеп мақтанышы. Дінмұхаммедтің сынып жетекшісі Ашенова Айгүл: «Ол – үлкенге құрмет, кішіге-ізет көрсете алатын, болашағынан үлкен үміт күттіретін оқушы. Оның алдағы уақытта да білім, ғылым саласында мол табыстарға жете беруіне тілестеспіз»,-дейді ағынан жарылып.
Түркия еліне қайта шақырту алған Жас қаламгерді Мақтаарал ауданының білім бөлімінің басшысы М.Серикбаев арнайы қабылдап, жетістіктерімен құттықтап сонымен қоса жетекшісі мен мектеп басшысын алғыс хаттармен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады. Алдағы жұмыстарына шығармашылық табыстар тілеп, Түркия еліне аман есен барып келуіне тілектестігін білдірді.