Сайрам аудандық білім бөліміне қарасты №74 жалпы білім беретін мектебінде Ата — аналарды педагогикалық қолдау орталығын ұйымдастыру мақсатында «Асыл әжелер» мектебінің ашылуы болып өтті.
«Әжелер сөзі — тәрбие көзі» тақырыбындағы іс-шараға 7 сынып оқушылары қатысты. Абайдай дана тәрбиелеген, Зередей зерделі әжелердің ұрпақ тәрбиесінде рөлі өте жоғары.
Әжелер мектебінің негізгі мақсаты — ата-ана мен мектеп арасындағы байланысты нығайту, әжелердің өнегелі өмірін үлгі ете отырып, мектептегі қыз балаларды қазақтың ұлттық салт-дәстүріне баулу, туған жерін, елін және отбасын ардақтайтын тәрбиелі қыз, ардақты ана, қайратты да, сабырлы жан болуға, әсіресе бұрымды қыздарымызды үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білуге тәрбиелеу. Ал
Арыста «Әже – ұлт ұйытқысы» тақырыбында қалалық мәдениет сарайында салтанатты шара өтті. Шара қалалық «Әжелер алқасының» 10 жылдығына орайластырылды. Мерекелік кешке шаһар басшысы Гүлжан Құрманбековамен бірге Түркістан облысынан келген қадірлі қонақтар қатысты.
Қала басшысы «Ұлттың ұлт болып қалуы қашан да оның тілі мен ділінің, салт-дәстүрінің бекемдігіне байланысты. Оның негізі отбасылық тәрбиеде жатыр. Осы ретте отбасыдағы ата мен әженің рөлі ерекше. Әжелер мектебі – бүгінгі қоғамда баға жетпес байлық, бойға тереңнен сіңіретін тәрбие құралы» деп ізгі тілегін жеткізді.
Игі шараға қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, Түркістан облысының Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бақытжан Раманқұлов пен қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Әсіл және қаламыздың ардақты ардагерлері қатысты. Шара барысында Арыс қаласының қоғамдық өміріне белсене араласып, ұрпақ тәрбиелеуде үлгі болып жүрген ақжаулықты әжелерді қала әкімі арнайы алғысхаттармен марапаттады.
Мерекелік кеш ары қарай асыл әжелердің мерекелік концерті мен тағылымы мол сахналық көріністерге ұласты. Өнер мен өнегені серік еткен әжелер күздігүні бие ағытардағы ақырғы қымызға көрші-қолаңды шақыру кәдесі саналған «Сірге мөлдірету» рәсімін өткізді. Одан ары қарай, ақ кимешегімен мерекеде сән сыйлап жүрген, әсем дауыстарымен әлемді тербеп, айналаны керемет өнердің шуағына шомылдырған ардагерлердің концертіне ұласты.
Айта кетейік, мәдениет пен әдет-ғұрыпты жастардың бойына сіңіріп, оларға тарихымызды танытып, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды үйретіп, үлкен үлгі, өнеге көрсететін Арыс қаласының «Әжелер алқасы» 2013 жылы құрылған. Бүгінде олар ұмыт болып бара жатқан рухани мұраны жаңғырту мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырып келеді.
Қазақта ата-әжесінің тәрбиесін көрген бала басқаша болады, айналасының да көзқарасы оған ерекше-тұғын. Өйткені ауыл үлкендерінің жанында жүріп, олардың өнегелі әңгімесін тыңдап өскен баланың сана-сезімі басқалардан ерекше болып қалыптасады. Сондықтан әжелерді таптырмас тәрбие мектебі дейміз. Дүниеге келген сәбиді көзін ашқаннан құшағына алып, бесік жырымен әлдилеп, ес білгенде ертегі-жырларымен сусындататын әженің орны ойсырап, бейнесі көмескіленіп кетті. Көп қазақтың отбасында әже тәрбиесі деген ұғым өшіп, ұрпақ жалғасы үзіліп қалды.