Түркістан қаласындағы №17 Ататүрік атындағы мектеп-гимназиясының базасында Түркістан облысының білім беруді дамыту орталығы, «Инновация және стратегиялық жоспарлау» кафедрасының онкүндік аясындағы қорытындысы өтуде. Ерекшелігі сол, бұл онкүндік — жаңаша форматта фестиваль ретінде ұйымдастырылды.
Фестиваль мақсаты: Педагогтердің басқарушылық қабілеттерін, әдістемелік, цифрлық және әмбебап құзыреттерін кешенді дамыту, жаңа заман талабына сай жаңашыл мұғалімдерге сапалы және инновациялық технологияларды меңгерту, білім сапасын көтеруде инновациялық технологияларды дұрыс және сауатты қолдануды үйрету, білім беру жүйесінің мүмкіндіктерін пайдалану арқылы тиімділігін арттыру.
Аталған іс-шараны Түркістан облысы Білім беруді дамыту орталығы директорының инновация ісі жөніндегі орынбасары Руслан Есболғанұлы ашып берді. Педагогикалық шеберлік орталығының тренері Қожымбетова Айжан Мархабайқызы да сөз алып, әріптестеріне сәттілік тіледі. Фестиваль барысында облыстық Жастар орталығының мамандары «Ұстаздар quizi» зияткерлік сайысын жүргізді. 16 ауданның және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы педагогтері топ-топқа бөлініп, қызықты да, тартысты жарыстар өткізді.
Бүгінде мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруда түрлі шаралар өткізілуде. Соның бір дәлелі ретінде жуырда Түркістан заманауи мұғалімдер фестивалі өтті. Түркістанның заманауи мұғалімдер фестивалінде — «Білім беру жүйесіндегі менеджмент», «Мектеп директорларының бейінді жұмыстары жөніндегі орынбасарларының кәсіби құзіреттілігін дамыту» және «Әртүрлі сабақтар, бірақ әрқайсысында шебердің қолы…» деген 3 бағытта жұмыс жүргізілді. Бағыттар бойынша TED.X таныстырылым, дәрістер, шебер-сынып, ғылыми жоба, панорамалық сабақтар, сергіту сәттері ұйымдастырылып, ашық микрафон және стендап (stand up) форматтарындағы баяндамалар тыңдалды. «Ұстаздар quizi» зияткерлік сайысында ұшқыр ойларымен, алғырлығымен Жетісай ауданы — І орын, Түлкібас ауданы — ІІ орын, Қазығұрт ауданы — ІІІ орынға ие болды. Қорытындысында сұрақ-жауап, пікір алмасып, ұсыныстар айтылып және кері байланыс жасалды. Облысымызда жаңашыл ұстаздарымыз бен жаңалыққа жақын шәкірттері көп екеніне көзіміз жеткендей болды. «Мектептің жаны — мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы» — деп А.Байтұрсынов айтқан болатын. Бүгінде білім беру саласында көп нәрсе өзгерді, дегенмен мұғалім – оқушысына үлгі болатын шебер болып қала бермек. Нағыз шебер өз шәкіртіне сенім білдіреді, оларға алға жылжуға мүмкіндік береді, өсіп-жетілуіне ықпал етеді. Ендеше жаңашыл ұстаз, жаңа ұрпақ — бұл білім беру жүйесіндегі бәсекеге қабілетті маман даярлау, білім кеңестігіндегі мәдениет пен өнердің даму негізі. Мұғалімнің мақсаты — бәсекеге қабілетті өмір сүре алатын білімді, жаңадан танымы бар, білімге деген қызығушылық деңгейі жоғары, экономика деңгейі жоғары шәкірт тәрбиелеу. Дәл осы бағытта бүгінде облыста ауқымды жұмыстар атқарылуда.